Ортағасырлық Сортөбе қалашығындағы археологиялық зерттеулер
Аңдатпа
Мақалада Жанкент археологиялық экспедициясы, Сортөбе тобының 2017 жылы
ортағасырлық Сортөбе қалашығында жүргізген кешенді археологиялық зерттеулерінің нәтижесі
жайлы баяндалады. Сортөбе қалашығын археологиялық зерттеулер нәтижесі бойынша Сырдың
төменгі ағысында VIII-IX ғасырларда тіршілік еткен оғыз тайпаларының қала-қамалдарының бірі
ретінде қарастыруға болады. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары ашылған бұл қалаларды Хорезм
археологиялық-этнографиялық экспедициясының жетекшісі, академик С.П. Толстов – «батпақтағы
қалашықтар» деп аталатын жеке археологиялық мәдениет ретінде қарастырған. Алайда,
«батпақтағы қалашықтарда» жүргізілген соңғы археологиялық зерттеулер қорытындылары
нәтижесінде, олардың негізін жетіасар мәдениетінің өкілдері қалаған деген болжам ұсынылып
жүр. Археологиялық қазба жұмыстары барысында аршылған құрылыс конструкцияларын
талдау нәтижесінде Сырдың төменгі ағысын мекендеген ортағасырлық тайпалардың руішілік,
қауымішілік қарым-қатынастарын қайта қалпына келтіруге жаңа мүмкіндік туды. Бұл құрылыс
констукцияларына ұқсас құрылыстарды көршілес жатқан Хорезм оазисіндегі ертеортағасырлық
қоныстардан көреміз.








