Жариялау әдебі

«Journal of history-rus» ғылыми журналының редакциялық алқасының мүшелері өздерінің кәсіби қызметінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми журналдарының жарияланым этикасының (бұдан әрі — Жарияланым этикасы) қағидаттары мен нормаларын басшылыққа алады.

Жарияланым этикасы Committee on Publication Ethics (COPE) жарияланым этикасының халықаралық стандарттарына сәйкес әзірленген.

Жарияланым этикасы редакторлардың, рецензенттердің және авторлардың этикалық мінез-құлқының нормаларын, қағидаттары мен стандарттарын, сондай-ақ мүдделер қақтығысын және адал емес мінез-құлық жағдайларын анықтау тетіктерін, жарияланымдарға түзету енгізу, оларды кері қайтарып алу (ретракция) және жою тәртібін айқындайды.

Баспа үдерісінің барлық қатысушылары — авторлар, ғылыми редакторлар, рецензенттер, жауапты және техникалық редакторлар, редакциялық алқа мүшелері — жарияланым этикасының қағидаттары мен нормаларын мүлтіксіз сақтауға міндетті. Этикалық стандарттарды сақтау ғылыми журналдың сапасын қамтамасыз етудің және жарияланым үдерісінің барлық қатысушылары арасында сенімді әрі құрметке негізделген қарым-қатынас қалыптастырудың басты шарты болып табылады.

Этикаға жат мінез-құлыққа, оның ішінде бірақ онымен шектелмей, мыналар жатады: жалған рецензия немесе өз мақаласына өзі рецензия беру, келісілген және жалған рецензиялау, зерттеу нәтижелерін жариялау үшін делдалдық қызметтерді пайдалану, жалған авторлық, деректерді бұрмалау және жасанды түрде жасау, анық емес немесе жалған ғылыми материалдарды жариялау, қолжазбаларды немесе авторлық материалдарды авторлардың келісімінсіз үшінші тұлғаларға беру, авторлық құқықты және редакциялық рәсімдердің құпиялылық қағидаттарын бұзу, дәйексөзбен айла-шарғы жасау, плагиат және жарияланым мен ғылыми этиканы бұзудың өзге де түрлері.

Редакциялық алқа мүшелеріне арналған жарияланым этикасының қағидаттары

Редакциялық алқа мүшелері журналды дамытуға, жетілдіруге және оның халықаралық беделін арттыруға жауапты. Өз қызметінде олар академиялық еркіндік, авторлар мен оқырмандардың ғылыми және кәсіби қажеттіліктерін қанағаттандыру, сондай-ақ авторлардың, рецензенттердің және баспагердің коммерциялық мүдделерінің редакциялық шешімдерге ықпал етуіне жол бермеу қағидаттарын басшылыққа алады.

 Теңдік және бейтараптық қағидаты

Қолжазбалар авторлардың нәсіліне, жынысына, жыныстық бағдарына, діни нанымына, этникалық тегіне, азаматтығына, саяси көзқарасына және өзге де ғылыми емес факторларға қарамастан, тек ғылыми маңыздылығы мен сапасы бойынша бағаланады.

 Жариялау туралы шешім қабылдау

Қолжазбаларды жариялау туралы шешімді редакциялық алқа журнал талаптарына сәйкестігін тексеру, антиплагиат сараптамасы және ғылыми рецензиялау нәтижелері негізінде қабылдайды. Плагиат, ғылыми және жарияланым этикасын не авторлық құқықты бұзу белгілері бар материалдар жариялауға қабылданбайды.

Редакциялық алқа плагиат, өзін-өзі көшіру, шамадан тыс өзін-өзі дәйексөзге алу, мүдделер қақтығысы және этикаға жат мінез-құлықтың өзге де түрлері белгілері бар материалдардың жариялануын болғызбауға жауапты. Бұзушылықтар анықталған жағдайда редакциялық алқа COPE ұсынымдарына сәйкес жарияланымды кері қайтарып алу (ретракция) рәсімін бастайды.

Жарияланым мынадай жағдайларда кері қайтарылуға (ретракциялануға) тиіс:

  • деректердің анық еместігі немесе олардың этикаға жат не заңсыз тәсілдермен (оның ішінде бұрмалау арқылы) алынғаны туралы сенімді дәлелдер болса;
  • материалдың бұрын басқа басылымда жарияланғаны анықталса;
  • плагиат анықталса, оның ішінде кестелер, суреттер, графиктер және өзге де көрнекі материалдар көшіріліп алынса;
  • зерттеу нәтижелерінің дұрыстығына әсер ететін елеулі қателер табылса;
  • авторлық құқыққа қатысты үшінші тұлғалардан негізді талаптар түссе;
  • жарияланым және (немесе) ғылыми этиканың қағидаттары мен нормаларына қайшы келетін ақпарат болса.

Қарау нәтижесі бойынша ретракция туралы акт ресімделеді, оған бас (ғылыми) редактор қол қояды. Тиісті автор жазбаша нысанда хабардар етіледі. Жарияланымды кері қайтарып алу туралы ақпарат ретракция себептері көрсетіле отырып журналдың ресми сайтында орналастырылады және журналдың кезекті санында жарияланады.

Құпиялылық қағидаты

Редакторлар мен редакциялық алқа мүшелері қолжазбалар туралы ақпаратты авторларды, тағайындалған рецензенттерді және баспагерді қоспағанда, үшінші тұлғаларға ашпауға міндеттенеді. Барлық қолжазбалар құпия құжаттар ретінде қаралады және авторлардың жазбаша келісімінсіз жеке ғылыми мақсаттарда пайдаланылмайды.

Авторларға арналған жарияланым этикасының қағидаттары

Түпнұсқалық және жарияланымның айрықшалығы

Авторлар ұсынылған материалдың түпнұсқа екенін және басқа журналдардың қарауында тұрмағанын растайды.

Авторлық

Жарияланымда көрсетілген барлық авторлар зерттеуді жүргізуге елеулі үлес қосуға тиіс. Жауапты (corresponding) автор редакциямен байланысқа және барлық авторластардың қолжазбаның түпкілікті нұсқасымен келіскенін растауға жауапты.

Ғылыми адалдық

Авторлар ұсынылған деректердің анықтығына жауапты және плагиатқа, өзін-өзі көшіруге, бұрмалауға, деректерді жасанды түрде жасауға, нәтижелермен айла-шарғы жасауға және жалған авторлыққа жол бермеуге міндетті. 

Түзетулер және жарияланымдарды кері қайтарып алу

Жарияланымнан кейін қателер анықталған жағдайда авторлар редакцияға дереу хабарлауға және түзетулерді (Erratum / Corrigendum) жариялауға не мақаланы кері қайтарып алуға жәрдемдесуге міндеттенеді.

Рецензенттерге арналған жарияланым этикасының қағидаттары

Рецензенттер қолжазбаларды объективті, дәлелді және уақтылы рецензиялауға міндеттенеді. Авторларды жеке басына қарай сынауға жол берілмейді. Рецензиялауға алынған барлық материалдар құпия болып табылады.

Рецензенттер мүдделер қақтығысы бар екені туралы редакцияға хабарлауға және бейтарап бағалауды қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда рецензиялаудан бас тартуға міндетті. Анықталған плагиат, деректерді жасанды түрде жасау және өзге де бұзушылық жағдайлары туралы редакторға міндетті түрде хабарланады.

Мүдделер қақтығысы

Мүдделер қақтығысы редакциялық шешімнің объективтілігіне әсер етуі мүмкін қаржылық, жеке немесе кәсіби мән-жайлар болған жағдайда туындайды. Жарияланым үдерісінің барлық қатысушылары ықтимал мүдделер қақтығысын ашып көрсетуге міндетті. Мүдделер қақтығысының болуы өздігінен жариялаудан бас тартуға негіз болып табылмайды, алайда редакциялық қарау барысында міндетті түрде ескеріледі.