Қазақ халқындағы дәстүрлі аңшылықтың дамуына қатысты кейбір мәселелер
Аңдатпа
Ауылшаруашылығы мен өндірістің барынша дамыған біздің қазіргі кезеңімізде «жабайы» жануарлардың азық пен шикізат көзі ретінде маңыздылығы азайғанмен, елдің экономикалық өмірінде өзіндік орны да бар. Адамдар табиғатты қазіргідей игермеген ерте замандарда аңшылық өмір сүрудің басты көзі болып табылды.
Аңшылық қазақтар үшін ертеден негізгі қосалқы кәсіптердің бірі болды. Қоғамның дамуымен қатар аңшылықтың тәсілдері мен мақсаты да өзгеріп, аңшылық өнердің әртүрлі түрлері дамыды, аңшылық көңіл көтерумен қатар, шаруашылықтағы қосалқы кәсіптің біріне айналды. Кәсіби аңшылық жануарлардан алынатын азық-түлікті (ет, май, жүн, тері, сүйек, мамық, қауырсын және т.б.) пайдалану үшін қолданылды. Оның мақсаты қауіпті, зиянды немесе саны шектен тыс көбейіпкеткен аңдарды жою да болып табылды. Қазақтардың кедейленген бөлігі үшін аңшылық негізгі кәсіп болды. Халықтың үлкен бөлігі аңшылықпен сирек айналысты. Ауқатты қазақтар үшін аң аулау көңіл көтеру түрі болды








