Қазақ хандығының құрылуы тұсындағы тарихи оқиғалардың ауыз әдебиетіндегі көрінісі
Аңдатпа
Қазақ халқының басынан өткен тарихи оқиғалардың көпшілігі әдебиеттен тиісті дәрежеде орын алып отырған. Сол себепті қазақ халқының, соның ішінде Қазақ хандығы тарихын зерттеушілердің бәрі де қазақ әдебиетінің мұраларына үңілмей кете алмайды. Қазақ халқы – өзінің тарихын әдебиеті арқылы баяндаған халық. Қазақ халқының тарихы мен әдебиеті мән-мазмұны жағынан бір-бірімен өте тығыз байланысты. Халық тарихының мол мұрасы оның фольклорында сақталады.
Қазақ халқының ауызекі шығармашылығы әсіресе, ХІІІ-ХVІІІ ғасырларда күшті дамыды. Қыпшақтар мен басқа да түрік тайпаларының өркен жайған ауызша поэзиясы болды. Көркем сөздің нағыз шебері болған Сыпыра жырау мен Қодан тайшы, Асанқайғы мен Қазтуған (ХІV-ХVІ ғғ.) жыраулардың шығармашылығы кеңінен танылып, олар шығарған тарихи шындықты бейнелейтін батырлар жыры халық зердесінде сақталды. Бұл тарихи кезең Қазақ хандығы құрылуының алғышарттарының кезеңіне жататындықтан аталған жырларда сол дәуірдің қоғамдық өмірін бейнелейтін мәліметтер кездеседі.
Шоқан Уәлиханов «Көшпелілер философы» атаған Асанқайғы (Хасан Сәбитұлы) ХV ғ. ортасында Керей мен Жәнібек сұлтандар басқарған қазақ руларының Әбілқайыр ұлысынан бөлініп шығып, Қазақ хандығын құруды жақтап қана қоймай, ол біраз уақыт олардың ақылшысы болды, халықты бірлікке,билеушілерді әділдікке шақырып, толғаулар шығарды. Ол өз өлең, толғауларында мемлекетті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажетін насихаттайды.








