КӨШПЕЛІЛЕР ҚОҒАМЫНДАҒЫ БИЛІКТІҢ ЖАЛПЫ ТЕОРИЯСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА БАЙЛАНЫСТЫ МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ ҰСТАНЫМДАР МЕН ТҰЖЫРЫМДАРДЫ ТАЛДАУ
DOI:
10.26577/jh-2019-3-h14Аңдатпа
Мақалада көшпелілер қоғамындағы биліктің жалпы теориясын қалыптастыруға байланысты методологиялық ұстанымдар мен тұжырымдар талданады. Ғылыми әдебиеттерден көшпелілер қоғамы, ондағы биліктің ішкі құрылымымен байланысты мәселелер ұзақ уақыт бойы түрлі ғылыми пікірталастар нысанына айналып келгенін көруге болады. Бүгінгі таңда, көшпелі қоғамның саясиәлеуметтік трансформациясының теориялық мәселелерін зерделеу, билік құрылымындағы саяси институттар қалыптасуының негізгі мән-мағынасын анықтау, ондағы әлеуметтік құрылымның өзгерістері туралы методологиялық ұстанымдар мен тұжырымдарды ғылыми тұрғыдан талдау қажеттілігі туындап отыр. Көшпелілер қоғамындағы жеке мүлік, мұралық бөліс, мемлекеттік құрылым, биліктің теориялық аспектілері зерттеу нысанына айналып отыр. Мұндай ой шеңберіндегі зерделеу жұмыстары XVII–XIX ғасырларда Г. Гегель, Ж. Боден, Ф. Вольтер, Д. Дидро, Ж. Кондорсэ, Ж.-Ж. Руссо, А. Смит, А. Тюрго, А. Фергюссон секілді еуропалық ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапқан. Көшпелілердегі билік жүйесінің марксистік теория ықпалында қарастырған ғалымдардың қатарында Н.А. Аристов, Н.И. Гродеков, Г.Н. Потанин, А.Н. Харузин секілді ғалымдарды көруге болады. К.А. Акишев, З.С. Самашев, Ә.Т. Төлеубаев секілді зерттеушілер ерте көшпелілердегі билік құрылымының болғанын археологиялық зерттеу материалдарымен байланыста зерттеп, патшалық биліктің орын алғанын айтады.








