ТРОИЦК ЕРЛЕР ГИМНАЗИЯСЫ: БІЛІМ БЕРУ ПРАКТИКАСЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ БЕЙІМДЕЛУ (1873-1917 ЖЖ.)
DOI:
10.26577/JH212120262Кілт сөздер:
Троицк ерлер гимназиясы, Торғай облысы, Ы.Алтынсарин, шәкіртақы, пансионАңдатпа
Қазақ жастарының Ресей империясының гимназияларына алғашқы қабылдануы Орынбор азаматтық гимназиясы мен Троицк ерлер гимназиясының тарихынан бастау алады. Мақалада Троицк ерлер гимназиясы (1873-1917жж.) тарихының негізінде Ресей империясындағы орта білім беру тәжірибесінің үлгісі талданады. Зерттеу жұмысы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архив қорынан алынған құжаттарға, Орынбор оқу округінің директивалық бұйрық, есептеріне негізделген циркуляр жинақтарына дәйектелген және архив құжаттарының бір бөлігі алғаш ғылыми айналымға түсіп отыр. Құжаттар Троицк гимназиясындағы білім беру процесінің құрылымын, күрделі әлеуметтік кеңістіктегі шәкірттердің бейімделу механизмін, гимназиядағы білім алушы қазақ шәкірттерінің есімдерін анықтауға мүмкіндік берді. Гимназияның ашылуы мен қалыптасу кезеңіндегі орын алған қиыншылықтар, оқу орнының материалдық инфрақұрылымы мен жалпы жағдайы зерделенді. Жұмыс жаңа әлеуметтік тарих теориясына негізделгендіктен, гимназияның күнделікті өмір тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Зерттеудің әдіснамалық негізін әлеуметтік-мәдени тәсіл қағидаттары және әлеуметтік тарих контексіндегі «қоғамның төменгі топтары тарихының» тұжырымдамалық ережелері құрайды.
Гимназиядағы шәкіртақы Ережесі, шәкіртақыны алуға қатысты өтініштер, оны тағайындауға ықпал еткен әлеуметтік факторлар мен артықшылықтар талданды. Гимназияда білім алған Ы. Алтынсарин және Ж. Сейдалиндер әулетіне қатысты деректер берілді. Орта оқу орындарындағы білім алушы қазақ шәкірттерінің әлеуметтік ортаға бейімделу процесі, діни, мәдени айырмашылықтар мен тұрмыстық қиыншылықтарды еңсерудегі бастан өткерген тауқыметтері анықталды. Авторлар Троицк гимназиясында білім алушы шәкірттердің негізгі құрамы сұлтан, болыснай, старшин, мұғалімдердің отбасыларынан шыққан деген қорытынды жасайды.








