«САРЫАРҚА» ГАЗЕТІ ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МЕКТЕП-МЕДРЕСЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАРИХЫНЫҢ ДЕРЕГІ РЕТІНДЕ
DOI:
10.26577/JH212120264Кілт сөздер:
Сарыарқа газеті, мектеп, медресе, жәдидтік қозғалыс, алаш зиялылары, ағарту, дерек.Аңдатпа
Мақаланың мақсаты – ХХ ғасырдың басында жарық көрген «Сарыарқа» газетінде жарияланған оқу-ағарту, мектеп-медресе және мұғалім даярлау мәселелеріне арналған материалдарды тарихи дерек ретінде талдау арқылы алаш кезеңіндегі ұлттық білім беру саясатының мазмұны мен қоғамдық маңызын айқындау. Зерттеу барысында «Сарыарқа» газетінің қазақ қоғамындағы ағартушылық қозғалысты насихаттаудағы орны мен рөлі ғылыми тұрғыда зерделенеді. Зерттеудің әдіснамалық негізін тарихи-педагогикалық, деректанулық және контенттік талдау әдістері құрайды. Газет материалдары жәдидтік қозғалыс, дәстүрлі және зайырлы білім беру бағыттары аясында жүйеленіп, алаш зиялыларының ағартушылық көзқарастары нақты мәтіндер негізінде қарастырылады. Мақаланың ғылыми жаңалығы – «Сарыарқа» газетінің мектеп-медресе және мұғалімдік курс мәселелеріне арналған жарияланымдарын алғаш рет кешенді түрде тарихи-педагогикалық және деректанулық тұрғыдан талдауында. Мұғалім даярлау курстарының мазмұны, қабылдау шарттары, пәндік құрылымы мен педагогикалық мақсаттары нақты деректер арқылы сипатталып, қыз балаларға арналған мұғалима курстары мен аралас оқыту идеялары гендерлік тұрғыда жаңаша бағаланады. Зерттеу нәтижесінде «Сарыарқа» газетінің ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуын көрсететін маңызды дереккөз екені дәлелденді. Газет беттерінде көтерілген ұлттық тілде білім беру, мұғалім мәртебесін көтеру, халықтық қаржыландыру және әлеуметтік қолдау мәселелері алаш зиялыларының білімді ұлттық жаңғырудың негізі ретінде қарастырғанын айқындайды.








