Қышқаланың сегіз қырлы медресесі
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2020.v98.i3.07Аннотация
Мақалада ортағасырлық Қышқала қалашығында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының
алғашқы нәтижелері беріліп отыр. 2018 жылдан бастап ортағасырлық Қышқала қалашығының
материалдық, рухани мәдениетін, шаруашылық дәстүрін, әлеуметтік-экономикалық ахуалының
негізгі элементтерін қалпына келтіру мақсатында ескерткіш аумағында кешенді археологиялық
зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Зерттеу барысында Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан
ортағасырлық Қышқала қаласының тарихи топографиясына және қазбадан ашылған құрылыстар,
барлау кезінде жаңадан ашылған ортағасырлық қалалар мен елдімекендер ғылыми айналымға
енгізілді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде №2-қазбадан сегіз қырлы құрылыс толық
ашылды. Мақалада 2018-2020 жылдарда ортағасырлық Қышқалада жүргізілген археологиялық
қазба кезінде ашылған сегіз қырлы медресенің жобасы, бөлмелердің орналасу ерекшеліктері,
олардың өзара байланысы, ішіндегі құрылыстар жан-жақты суреттелген. Мақаланың негізгі
бөлімінде осы қазбалар барысында ашылған құрылыстар, одан табылған тиын мен құрылыс
материалдары жайлы алғашқы жалпылама ақпараттар мен салыстырмалы талдау нәтижелері
беріліп отыр. Сонымен қатар ортағасырлық жазба деректер бойынша Орталық Азия мен
Қазақстандағы медреселердің пайда болған уақыты мен даму кезеңдері көрсетіліп, олардың
зерттелу тарихына қысқаша шолу жасалған. Қышқала ортағасырлық Баршынкент қаласымен
баламаланған.