ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АРХИВ ІСІНІҢ КЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ЗЕРТТЕЛУІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH2025116104Кілттік сөздер:
Тарихнама, архивтанулық зерттеулер, талдау, сараптау, архив, архив ісі.Аннотация
Кеңестік Қазақстандағы архив ісі тарихы бойынша тарихнамалық зерттеулер жоқтың қасы. Қазақстандағы архив ісі туралы баяндамалар мен мақалалардан бастап көлемді монографияларға дейінгі көптеген зерттеу еңбектері кеңестік кезеңде жарық көрді. Сол себнепті де бұл мақаланың мақсаты Қазақстандағы архив ісі тарихына арналған зерттулерге тарихнамалық талдау жасау болып табылады. Кеңестік кезеңдегі ғалымдардың еңбектерінде сол кездегі одақтас республикалардағы, соның ішінде біздің елдегі де архивтер тарихы, архив қорлары, олардың түрлері мен ерекшеліктері, архивтанудың теориясы мен тәжірибесі, архив құжаттарының деректанулық маңызы туралы мәселелер зерттелді. Біздің зерттеу жұмысымыздың методологиялық негізі ғылыми еңбектердің мәні мен мазмұнын, олардың жетістіктері мен кемшіліктерін айқындауға мүмкіндік беретін феноменологиялық бағыт болды. Зерттеу жұмысының жаңалығы 1917 - жыл мен 1991-жыл аралығындағы Қазақстандағы архив ісінің дамуы туралы ғылыми еңбектерге жүйелі түрде тұжырымдар жасауда, Қазақстанның архивтанулық ғылымының жаңа міндеттері мен бағыттарын айқындауда, архив ісі тарихын зерттеудің методологиялық бағыттары мен ізденістерін дамытуда болып есептеледі. Ұсынылып отырған мақаланың ғылыми нәтижесі Қазақстандағы архив ісінің қалыптасу тарихын мұқият зерттеуді талап ететін біршама мәселелерді айқындауында және оларды зерттеу бойынша ұсыныстар беруінде.