Қазақ репатрианттардың фамилия (тегі) ерекшеліктері және оның әлеуметтік-құжаттық салдары
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2024.v113i2-03Аннотация
Мақалада алыс шетел қазақтары фамилиясының қалыптасу жолдары және оның құжаттық, әлеуметтік интеграцияға тигізетін әсері қарастырылды. Қазақ репатрианттардың фамилия ерекшеліктері есебінен туындаған кейбір мәселелерді әртүрлі тұрғыдан (лингвистикалық, заңдық) қарастырып, нақты мысалдар арқылы талқылау зерттеудің мақсаты болып табылады. Осы мақсатқа жету үшін қазақ дүниетанымындағы «фамилия» түсінігі, оның баламалары, патронимдердің рөлін анықтау және қазақ репатрианттар фамилиясының қалыптасуына әсер еткен факторларды зерттеу міндеттері алға қойылды. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей қазақтардың фамилиясы көбінде патронимиялық жолмен жасалып келді. Кейбір мемлекеттерде қазақтар әкесінің атын (Қытай, Моңғолия), эпонимдерді (Иран), туған жерін, қазақы таныммен байланысты атауларды (Түркия) фамилия етіп қолданды. Алайда олардың аты-жөнін жазу, құжатын рәсімдеу жолдары түрлі мемлекеттік заң, мемлекеттік тіл негізінде жасалды. Әдетте олардың жеке құжаттары екі компоненттен (фамилия, аты) тұрады. Мұндай құжаттардың Қазақстанға оралғаннан кейін олардың әлеуметтік өміріне кедергілер келтіріп отырғаны қазақ репатрианттардан алынған сұхбаттар негізінде анықталып отыр. Қазіргі қолданыстағы үш компонентті (фамилия, аты, әкесінің аты) құжаттық құрылымға үйренген қоғам кейде қайсысы фамилиясы, қайсысы есімі екенін айыра алмай шатасады, орнын ауыстырып жазады. Тіптен, лингвистикалық факторлар салдарынан өзгеріске ұшыраған, түсініксіз есімдер де пайда болды. Осындай себеп-салдарды жинақтай келе репатрианттардың әр текті құжаттарын трансформациялау жұмысында біріңғай мемлекеттік стандарт қарастырылмаған, салдарынан қазақ репатрианттар арасында құрылымы стандартқа сай емес құжаттар пайда болды деген қорытынды жасалынды.
Түйін сөздер. Қазақ, репатриант, фамилия, антропонимия, патронимия, тегі, төлқұжат, азаматтық.