ФАТИМА ҒАБИТОВАНЫҢ ЖЕКЕ ТЕКТІК ҚОРЫНДАҒЫ «КЕНЕСАРЫ-НАУРЫЗБАЙ» ДАСТАНЫ ТУРАЛЫ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH2004041126Түйін сөздер:
Кенесары, Наурызбай, жыр-дастан, көтеріліс, дерек, әліпби, архивАңдатпа
Мақалада татар тілінде хатқа түскен «Кенесары-Наурызбай» дастанын Жүсіпбек Басығариннің араб әліпбиімен қазақшаға аударған нұсқасының тарихы анықталып, оның жариялану барысындағы қайшылықтар сараланады. Сонымен қатар, оны кириллицаға аударып, қолжазбаның түпнұсқасын болашақ ұрпаққа аманаттаған Фатима Ғабитованың қазақ руханиятын сақтаудағы рөлін және оның жеке тектік қорындағы сақталған нұсқасының ғылыми айналымдағы орны айқындалады. Зерттеудің мақсаты дастанның тарихи дерек ретіндегі маңызын айқындау және оның сақталу, аударылу, жариялану үдерістеріндегі қайшылықтарды талдау.
Зерттеу барысында «Кенесары-Наурызбай» дастанының әр кезеңдегі хатқа түсу және жариялану тарихы анықталды. Архивтік деректерге сүйене отырып, дастанның қысқаша нұсқасы Мақсұт-молланың айтуымен хатқа түскені, кейін Жүсіпбек Басығариннің араб әліпбиімен қазақшаға аударғаны және Фатима Ғабитованың кириллицаға көшірген нұсқасы ғылыми айналымға жеткені дәлелденді. Сонымен қатар, Біләл Сүлеев пен Смағұл Сәдуақасовтың дастанның хатқа түсуі барысында есімдерінің аталуына қарамастан, олардың нақты қатысуына қатысты деректерде уақыт сәйкессіздігі мен қайшылықтар бар екендігі көрсетілді.
Мақала тарихи-әдеби бағыттағы деректерді талдауға негізделгендіктен, басты методологиялық ұстаным ретінде – деректанулық және әдебиеттанулық синтез бағыт қолданылды. Яғни, архивтік құжаттар мен қолжазбаларды нақты тарихи контекстпен байланыстыра отырып, олардың деректік құндылығы айқындалды.
Фатима Ғабитова тоталитарлық жүйенің қысымына қарамастан, қазақ руханиятының құнды мұраларын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізген ғалым ретіндегі тұлғасы айқындалды. Оның аударған «Кенесары-Наурызбай» дастаны – қазақ халқының азаттық күресінің көркем шежіресі ғана емес, ұлттың тарихы мен әдебиетінің арасындағы сабақтастығын көрсететін маңызды мұра.
