«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорындағы сақ дәуірі керамика жинақтарының атрибуциясы мен мәдени талдауы
DOI:
10.26577/JH-2019-4-h15Аңдатпа
Қазіргі таңда сақ керамикасының хронологиясы мен мәдени талдауы басқа керамикалық кешендердің ұқсастықтарына және артефактардың типологиясына негізделген. Оның ішінде керамиканы қазақ тілінде сипаттаудың бірыңғай формасы мен әдісі қарастырылмағандықтан ол өз кезегінде жинақпен жұмыс істеуді айтарлықтай қиындатып қана қоймай, оларды жүйелеуге де кедергі келтіреді. Авторлар керамиканы сипаттағанда, ескіретін немесе өзгерістерге ұшырап отыратын пікірлерге емес, ыдыстың геометриясына сүйену керек деп санайды. Қазіргі кезде археологтар тапқан керамикалар өте көп болғандықтан оларды статистикалық тұрғыдан талдау үшін оның сипаттамасын стандарттау бойынша жұмыс істеу қажет. Мақалада авторлар «Есік» қорық-музейі қорының керамика жиынтығына қатысты тезистерге сүйенеді. Өрнек қорымынан табылған сақ қыш бұйымы бұрын-соңды Есік шағын ауданында кездеспеген археологиялық тұрғыдан тұтас ыдыс пішінін бергендігі үлкен қызығушылық тудырып отыр. Ондағы табылған қыш ыдыстардың номенклатурасының әртүрлілігі мен сапасына қарап жергілікті тайпалардың осы бағытта жақсы мамандануы мүмкін деген тұжырым жасауға болады. Бүгінде қорық-музейдің сақ қыш коллекциясы жыл сайын жаңа олжалармен толықтырылып, зерттеуге жол ашуда.








