Ұлттар Лигасы және түркі халықтарының тәуелсіздік жолындағы күресі
Аңдатпа
Мақалада түркі халықтарының азаттық күресінің тарихы халықтардың өзін-өзі билеу құқықтары аясында қарастырылады. Париж бітім конференциясы кезінде халықтардың өзін өзі билеу қағидасы көпұлтты империялардың құрамындағы көптеген халықтар үшін шешуші маңызы бар мәселе болды. Конференцияны ұйымдастырушылардың бірі – АҚШ президенті В. Вильсон халықтардың өзін өзі билеу қағидасын өзінің танымал «14 тармағына» енгізді. Алайда бұл қағида Осман, Австро-Венгрия және Ресей империяларының құрамында болған кейбір еуропалық халықтарға қатысты ғана іске асырылды. Әрине, ішкі дамуындағы алғышарттарға сәйкес шығыстық халықтар да, соның ішінде түркілер де, Ресейден бөлінуге ұмтылды. Түркі эмигранттары Батыс елдерінің назарын Түркістан халықтарының тәуелсіздік алу мәселесіне аударуға тырысты. Париж конференциясында Антанта елдері халықтардың өзін өзі билеу құқықтарын жариялай отырып, Еуропа елдерінің отарлары болып отырған Шығыс елдері халықтарына тәуелсіздік беру мәселесін мүлде талқылаған жоқ. Большевиктер Ресейдің ұлттық шеткері аймақтарының халықтарына бөлініп шығып дербес мемлекет құруды қамтитын өзін-өзі билеу құқығын береміз деп уәде берді. Алайда Кеңес Одағының бүкіл тарихы бұл уәденің тек қана насихаттық сипатта болғанын көрсетті.








