ЖАҺАНДАНУ – ТАРИХИ ДАМУДЫҢ КЕЗЕКТІ САТЫСЫ: ТЕОРИЯЛЫҚ САРАПТАМА
DOI:
10.26577/jh-2019-3-h6Аңдатпа
Мақалада жаһандану тарихи құбылыс және адамзат қоғамы дамуының кезекті сатысы ретінде қарастырылады. Бұл құбылысқа зерттеушілер тарапынан берілген «вестернизация», «либерализация», «неомодернизация», «неоколонизация» (жаңа отаршылдық) сипаттарының біржақтылығы көрсетілген. Бүгінгі күні көрініс алып отырған «діндер соғысы», «өркениеттер қақтығысы» шындығында үйлесімділік орнату әрекеті ретінде қарастырылады. Үйлесімділік орнату қайшылықтарға толы үдерістер жағдайында іске асуда. Мақалада көрсетілген жаһандану кезеңіндегі үлкен қайшылықтардың бірі – әлеуметтік мәселе. Егер бұрынғы тарихи кезеңдерде әлеуметтік қайшылық мемлекет ішіндегі құбылыс ретінде ғана көрінсе, бүгінгі күні ол ғаламдық ауқымға ие: діни экстремизмнің шығу себептерінің бірі әлемдік көлемдегі әлеуметтік наразылық екені көрсетілген. Сонымен бірге мақалада «жаһандану» ұғымының қалыптасу тарихы мен ғалымдардың осы құбылысқа қатысты тұжырымдамалары қарастырылды: бірқатар ғалымдар жаһанданудың экономикалық жағына басым көңіл бөлсе, екіншілері оның әлеуметтік-саяси жақтарына (батыс өмір салтының, мәдениетінің және ойлау үлгісінің, саясатының ықпалы) назар аударады. Өзінің барлық жағымсыз факторларына қарамастан жаһандану прогрессивті құбылыс ретінде қарастырылып, болашақтағы әлемдік мәселелердің жаһандану жетістіктері көмегімен шешілетіні, адамзат саналы түрде өзара байланыстылықтың бар екенін түсініп, ғаламдық қоғамның бірлігін сезінген жағдайда ғана ортақ ымыраға келетіні туралы болжам жасалған.








