XIX ҒАСЫРДЫҢ СОҢЫНДАҒЫ ФРАНЦУЗ МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМДАРЫНДАҒЫ ДАЛА МӘДЕНИЕТІНІҢ РЕПРЕЗЕНТАЦИЯСЫ (1891 ЖЫЛҒЫ «Л’ИЛЛЮСТРАСЬОН») ЖУРНАЛЫНЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ НЕГІЗІНДЕ)
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH2121202626Кілт сөздер:
Шығыс деректануы, Қазақстан тарихы, француз жазба деректері, бәйге, қазақ этнографиясы, Орталық Азияның мәдени мұрасы, шығыстану тарихыАңдатпа
Мақалада 1891 жылғы француздық «Л’Иллюстрасьон» журналындағы Қазақстан мәдениетінің қабылдануына деректанулық талдау жасалған. Зерттеу француз саяхатшысы Анри Орлеанскийдің мерзімді басылымдағы көшпелі қоғам образын зерделеуге және XIX ғасырдың соңындағы қазақ мәдениеті туралы этнографиялық мәліметтердің шынайылық деңгейін анықтауға бағытталған. Жұмыстың әдіснамалық негізін классикалық деректанулық талдау мен ориенталистік дискурс әдістерін ұштастыратын пәнаралық тәсіл құрайды; бұл еуропалық бақылаушының субъективті бағаларын объективті тарихи деректер мен шындықтан ажыратуға мүмкіндік береді. Зерттеудің эмпирикалық негізі Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының қызметкерлері, профессор М.Х. Әбусейітова мен профессор Г.С. Сұлтанғалиеваның «Мұрағат-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында Швейцария археографиялық экспедициялар барысында тапқан жазбаша материалдар мен гравюралардан тұрды.
Анри Орлеанский өз мақаласында Семейдегі Құрбан айт мерекесіне арналған ауқымды шараларды егжей-тегжейлі сипаттаған. Ат жарысы (бәйге) мысалында сол кезеңде далада орын алған жаһандық саяси және әлеуметтік-мәдени өзгерістерге қарамастан, халықтың ата-баба дәстүрлерін қалай сақтап қалғаны көрсетілген. Жүлде қоры мен іс-шараның ауқымын талдау арқылы көшпелі ақсүйектердің әл-ауқатының жоғары деңгейі атап өтілген, ал отырықшылыққа көшу қазақ халқының жаңа экономикалық жағдайларға бейімделуінің күрделі процесі ретінде қарастырылған. XIX ғасырдың соңындағы Семейдегі оқиғаларды сипаттау негізіндегі бұл зерттеу жаңа империялық жүйе мен қазақтардың дәстүрлі әлеуметтік өмірі арасындағы өзара іс-қимыл ерекшеліктерін ашады. «L’Illustration» басылымында берілген тұрмыс-салт, қонақтар мен дәм тату көріністері қазақ қоғамының оқшауланбағанын, керісінше халықаралық қатынастарға белсенді қатысқанын көрсететін тағы бір маңызды сәтті айқындайды. Жұмыста ұсынылған түпнұсқа гравюралар ерекше назар аударуға тұрарлық. Олар қатысушылардың сырт келбетінен бастап, жылқы тұқымдарына дейінгі қазақтардың материалдық мәдениетінің бөлшектерін көрнекі түрде қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді. Ғылыми айналымға енгізілген бұл мәліметтер қазақтардың саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмірінің тетіктерін, сондай-ақ XIX ғасырдың соңындағы жаһандық өзгерістер жағдайында қалыпты институттарды трансформациялау арқылы өз бірегейлігін сақтау қабілетін тереңірек түсінуге жол ашады.
