ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІ ҚОРЛАРЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ: ТАРИХИ АСПЕКТ

Авторлар

  • Б. Әбдіғалиұлы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Астана қ., Қазақстан.
  • С. Гиззатов

DOI:

10.26577/

Кілт сөздер:

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, қор қалыптастыру, қор сақтау, тарихи-өлкетану музейі, экспонаттар, музей коллекциялары, артефактілер.

Аңдатпа

Мақала әлемдегі ең ірі музейлердің бірі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қор қалыптастыру тарихын зерттеуге арналған. Бұған дейін мекеменің қор қалыптастыру тарихы 2013 жылы музейдің құрылу уақытымен тығыз байланыста қарастырылып келді. Алайда музей қорының заттарына жүргізілген сараптама бұл жұмыстың әлдеқайда ертерек басталғанын көрсетеді. Сондықтан мақаланың мақсаты Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің құрылу тарихын оның қор жинақтау ісі шеңберінде зерделеу, сондай-ақ ҚР Ұлттық музейінің коллекцияларын қалыптастыру және музей қорларын жәдігерлермен толықтыруға қатысты жаңа деректерді жариялау болып табылады.

Зерттеудің дереккөздік базасын Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің, Ақмола облысы мемлекеттік архивінің, Астана қаласының мемлекеттік архивінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің құжаттары құрайды. Зерттеуде жалпы ғылыми әдістерден басқа арнайы тарихи әдістер қолданылды.

Авторлар музей қорындағы жәдігерлерді сараптау және Қазақстанның бірнеше архивтерінен материалдар жинау нәтижесінде ҚР Ұлттық музейіндегі қор қалыптастыру ісінің 1923 жылы құрылған Ақмола уездік тарихи-өлкетану музейінен бастау алатынын анықтады. Сонымен қатар музей қорынан табылған қолжазбалар негізінде Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің әр түрлі тарихи кезеңдерде қиындықтарды басынан өткеріп, жинақтаған қорларынан айырылып, кейін қажырлы еңбектің арқасында қайтадан толықтырып отырғандығын көрсеткен.

Ғылыми-зерттеу нәтижесінде бұрын-соңды ғылыми айналымға енбеген архив деректері табылып, Ұлттық музейі қорына Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінен басқа бірнеше мекемелер жинақтаған жәдігерлердің келіп түскендігі анықталған. Олардың қатарында Целиноград қалалық Заманауи өнер музейі (1980-2014), Алтын және бағалы металдар музейі (1990-2014), ҚР Президенттік мәдениет орталығы (2000-2012) және тағы басқалары бар. Авторлар ҚР Ұлттық музейінің қор қалыптастыру тарихы бір ғасырдан астам уақытқа созылып, дамудың бірнеше кезеңдерінен өтті деген қорытындыға келді.

Жарияланды

2026-06-20

Журналдың саны

Бөлім

3-бөлім Aрхеология және этнология