Қазақтың дәстүрлі киім-кешек кешені: құрамы, қалыптасу тарихы (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі қорынан)
DOI:
10.26577/JH.2020.v99.i4.04Аңдатпа
Халықтың сан ғасырлық тарихын бейнелейтін киім-кешек халықтың материалдық мәдениетін айқындауда ерекше орын алады. Онда халықтың эстетикалық жағынан болсын, әлеуметтік тұрғысынан болсын халықтың өмір салты бейнеленген. Экономикалық және саяси өзгерістер қаншалықты өмір сүру салтында өз ерекшеліктерімен екшеленсе де, көшпелілердің киім-кешегі тұрмыстық және шаруашылық қолданыста құрылымдық жағынан болсын, стильдік ерекшелік тұрғысынан болсын өзінің этникалық мәнді пошымын жоғалтпай, бүгінгі күні байырғы қазақ халқының тарихы мен мәдениетін зерттеуде маңызды дерек көзіне айналып отыр. Мақалада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің этнографиялық қорындағы қазақтың байырғы тіршілікқамы жүйесі компоненттерінің бірі – киім-кешек коллекциясының құрамы, қалыптасу тарихы және жинақталу географиясы мәселелері қарастырылады. Себебі, ерекше екшеп айтар болсақ, отандық музейлердегі этнографиялық коллекцияның қорын үнемі толықтырып отыру мәселесі өзекті ғылыми әрі ғылыми-практикалық мәселе болып табылады. Киім-кешектің жастық және жыныстық, антропоморфтық принциптері мен әлеуметтіксимволикалық және аймақтық ерекшеліктері бойынша типологиясы жасалынды. Сондай-ақ авторлар жоғарыда көрсетілген музейдің жинақтау жұмыстары арнайы тақырыптарды зерттеу үшін ұйымдастырылған этнографиялық экспедициялар мен тұлғалардың сыйға тартуы және сатып алу негізінде жүзеге асырылып отырғанын және олардың жинақталу географиясы Қазақстанның барлық дерлік аймағынан және жақын шетел елдерінен жинақталғаны туралы анықтады. Түйін сөздер: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі, дәстүрлі киім-кешек коллекциясы, тіршілікқамту жүйесі, киім-кешек құрамы, жинақталу географиясы, типология.








