Қазақстандағы модернизациялық үдерістердегі ислам дінінің рөлі
DOI:
https://doi.org/10.26577/jh.2020.v97.i2.14Аннотация
Ислам дінінің әлемдік дамудағы, соның ішінде, модернизациялық үдерістер тарихындағы
орны мен рөлі аса бір өзекті мәселелердің қатарына жатады. Бұл ең алдымен, қазіргі таңда
әлемде орын алып отырған жаһандану және интеграция үрдістерімен байланысты. Өйткені ислам
өркениеті әлемдік дамудың балама жолдарын ұсынатын күштердің бірі болып табылады. Сондай-
ақ Қазақстан қоғамында жүріп жатқан рухани жаңғыру үдерісі де мәселені зерттеудің өзектілігін
арттыра түседі. Ислам, әлемдік дін ретінде терең модернизациялық үдерістерді бірнеше рет
бастан кешірді, қазіргі таңда да осындай үдерістер жүріп жатыр. Қазіргі таңдағы исламдағы
модернизация үдерісін жақсы түсінуіміз үшін өткен тарихтағы осындай үдерістер тарихын
зерттеудің, себеп-салдарлы байланыстарын анықтаудың маңызы зор. Мақалада ХІХ-ХХ ғасырлар
межесінде орын алған жәдидшілдік қозғалыстың қазақ қоғамындағы өзіндік ерекшеліктері, оның
ірі өкілдерінің қызметіне талдау жасалады. Сонымен бірге, мұсылман елдеріндегі діншілдіктің
тұрақты болуының тарихи алғышарттарын анықтауға ұмтылыстар жасалған.
Мақала жазудағы басты мақсат – ислам дінінің қазақ халқының тарихи дамуындағы орны
мен рөліне талдау жасай отырып, бұл діннің қазіргі таңдағы модернизациялық процестерге
тигізіп отырған ықпалын анықтау болып табылады.