XVI ҒАСЫР СОҢЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ МЕН ШИБАНИЛЫҚ МАУЕРЕННАХР АРАСЫНДАҒЫ САЯСИ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАР МӘСЕЛЕЛЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH-2019-1-417Аннотация
Автор бұл мақаласында XVI ғасыр соңындағы Қазақ хандығы мен шибанилық әулет билеген Мауереннахр арасындағы саяси қарым-қатынастар мәселелерін ғылыми айналымдағы ортағасырлық парсы тіліндегі тарихи шығармалар мен кеңестік және отандық тарихнамалық материалдар негізінде қарастырады. Сол тұстағы екі елдің жалпы саяси жағдайларына қысқаша шолу жасай келе, екі мемлекет арасындағы саяси қарым-қатынастардың негізгі себептерін анықтайды. Қазақ хандығы шибанилық әулеттің басты қарсыласы Ирандағы сефевилік әулетпен байланыстар орнатуға ұмтылады. Екі елдің Мауереннахрға бір мезгілде жасаған жорығына қарап, автор бұл алдын ала жоспарланған іс-қимыл деп ой түйеді. Бұған дейін отандық тарихнамада Тәуекел ханның 1597-1598 жылдары Мауереннахрға бір ғана жорығы туралы баяндалып келсе, автор дерек мәліметтеріне талдаулар жасау арқылы екі жорық болғанын дәлелдейді. Бірі – Мауереннахр билеушісінің тірі кезінде, екіншісі – билеушінің қайтыс болғаннан кейін жүзеге асқан. Осы жорықтардың нәтижесінде Түркістан аймағы мен Ташкент өңірі Қазақ хандығының құрамына толықтай қосылады. Бұл үдеріс өз кезегінде қазақ халқының этноаумағының қалыптасуының аяқталуына алып келеді.