МАҢҒЫСТАУ ЖӘНЕ МАҢҒЫТТАР
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH-2018-4-319Аннотация
Маңғыстау тарихында оғыздар мен қыпшақтардан кейінгі тарихи маңызы бар кезең – Алтын Орда, Ноғайлы дәуірі.16 ғасырдың екінші жартысында Ноғай Ордасы ішкі-сыртқы жағдайларға байланысты 2-3 бөлікке ыдырағаны белгілі, олар: Үлкен Ноғай ұлысы, Кіші ноғай ұлысы және Алты ауыл ұлысы, Жембойлық ұлысы. Кіші Ноғай ұлысы негізін қалаған Жем мен Жайықтың арасын, Маңғыстау мен Үстіртті мекендеген, жыр-дастандарда «он сан ноғай» деген атқа ие болған жұрт екені айтылады. Маңғыстау мен Үстірттің топоареалында Ноғай, Ноғайты, Ноғайлы, Орақ, Мамай, Қарасай, Қазы, Сары, Қалау, Қараүлек, Қарашаш, Манашы, Күйкен, Әділ т.б. атаулар кездеседі. Ноғайлы батырлары туралы «Қырымның қырық батыры» жырлар циклінің де поэтикалық ареалы Маңғыстау аймағы болуы тегін емес. Ноғайлының бас биі Едіге маңғыт тайпасынан шыққандықтан, оның билеген елі «маңғыт жұрты» аталғаны тарихи деректерде көрсетілген. Біздің мақаламызда маңғыттардың Маңғыстауды мекендегені, олардың бір кездерде бір Орданың қанатының астында болған кіші жүз, соның ішінде адайлармен этнографиялық сабақтастығы туралы сөз болады. Маңғыстау топонимі мен маңғыт этнонимінің негізі туралы болжамдар ұсынылады.