ҚХР САЯСИ ЖҮЙЕСІ: ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ ЕРЕКШЕЛІГІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH20251198Кілттік сөздер:
саяси жүйе, ҚХР, ҚКП, Дэн Сяопин, Си Цзиньпин, реформаАннотация
Бұл мақалада қазіргі Қытай Халық Республикасының саяси жүйесінің әр кезеңдер бойынша өзгеріске түсуі қарастырылған. Сонымен қатар ҚХР саяси жүйесінің тарихи қалыптасуы мен ерекшеліктеріне баса назар аударылады. Саяси идеологияларының өзгерісі әсіресе, Дэн Сяопин реформаларынан бастап бүгінгі күнге дейін талданады. ҚКП жетекші саяси күш ретіндегі рөліне, сондай-ақ қазіргі саяси құрылымның қалыптасуына экономикалық реформаларының ықпалы қарастырылған. Мақалада орталық және жергілікті басқару органдарының өзара іс-қимылы, ҚХР халықаралық саясатқа сай реформалары талданады. Зерттеу нәтижесіне орай ҚХР саяси жүйесінің қалыптасуына қытай басшылары мен ҚКП рөлі, ықпалы бағамдалды. Мақаланың негізгі материалдарын шетелдік және отандық ғалымдардың зерттеу еңбектері құрайды.
Зерттеудің әдіснамасы ҚХР саяси жүйесінің қалыптасу тарихы, оның «жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшеліктері бар социализм» секілді жүйесін анықтауға мүмкіндік беретін тарихи-аналитикалық және жүйелік талдауға негізделген. Сондықтан ҚХР саяси жүйесінің қалыптасуы мен кезеңдерін талдауға, оның негізгі ерекшеліктерін және ҚХР басшыларының саяси басқару модельдерін салыстырмалы түрде анықтауға мүмкіндік беретін тарихи-салыстырмалы және институционалдық тәсілдер қолданылады. Салыстырмалы әдіс ҚХР басшыларының билігі кезеңдеріндегі Қытай қоғамының саяси тұрғыда басқару жүйелері мен дамуы жайындағы тұжырымдамаларындағы ақпараттарды салыстыруға мүмкіндік береді. Ал тарихи әдіс арқылы мемлекеттік басқару концепцияларын Қытай басшыларының басқару әдістері мен ҚХР саяси-партиялық, мемлекеттік құрылымының ерекшеліктерін ашуға қол жеткізілді.
Мақаламыздың ғылыми жаңалығы ретінде тарихи және институционалдық факторларды ескере отырып, ҚХР саяси жүйесінің эволюциясын жаңа көзқарас тұрғысында жан-жақты қарастыру және оның қазіргі саяси даму контекстіндегі ерекшеліктерін айқындаумен сипатталады. Сондықтан қытайлық басқару моделін басқа саяси жүйелерден даралайтын ерекше белгілері пайымдалды. Қытайлық басқару және шешім қабылдау саласындағы негізгі принциптері мен қабылданған тәжірибелері де талданған. Соның ішінде ҚХР саяси-экономикалық дамуы мен әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлауына да көңіл бөлінді. Қытайдың саяси жүйесінің ерекшеліктері, динамикасын қарастыру оның саяси-экономикалық дамуы мен қазіргі әлемдік саясаттағы рөлін түсіну үшін маңызды болып табылады деген тұжырым жасаймыз.








