ХХ ҒАСЫРДЫҢ 30-40 ЖЫЛДАРЫ ДЕПОРТАЦИЯЛАНҒАН ХАЛЫҚТАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ТҰРМЫСТЫҚ ЖАҒДАЙЫ (ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША)
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH202511833Кілттік сөздер:
Түркістан облысы, кеңестік билік, депортация, сталиндік саясат, қуғын-сүргін, қоныс аударту, репрессия.Аннотация
Совет елінде тоталитарлық жүйенің жүргізген саясаты мен кеңестік биліктің қаһарына ұшыраған халықтар Орталық Азия және Қазақ еліне күшпен жер аударылды. Жер аудару, қуғын-сүргінге ұшырау, мүлік тәркілеу, жазықсыз қудалау қоғамда кең ауқымда орын алып ХХ ғасырдың 30-50 жылдары КСРО халқының әрбір отбасы ауыр жағдайды бастарынан өткізді. Сталиндік билік жүйесі жүргізген саясаттың салдарынан көптеген ұлтардың тағдырына қиянат жасалды. Жер аударылған ұлттар мен тұтастай халықтардың отбасылары республиканың облыстарына қоныстандырылды. Осындай, еркінен тыс жер аударылған ұлттар қоныстандырылған облыстың бірі Түркістан облысының территориясы болды. Жер аударылған халықтар тағдырдың ауыр тәлкегіне ұшырап, өздеріне таныс емес облыс аудандарына қоныстандырылды Сталиндік биліктің жүргізген саясатының салдарынан күшпен жер аударылған халықтар тарихының беймәлім беттері туралы зерттеулер бүгінде жүргізілуде, алайда ашылмай жатқан мәселелер де баршылық, сондықтан аталмыш тақырып зерттеуді қажет ететін өзекті тақырыптардың бірі болып табылады.
Мақалада алға қойған басты мақсат Түркістан облысы территориясына ХХ ғасырдың 30-40 жылары бірнеше толқынмен депортацияланған халықтардың тарихы, әлеуметтік, тұрмыстық жағдайына талдау жасай отырып, күнделікті өмір тарихы аспектісі тұрғысынан қарастыру.
Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін Түркістан облысы аудандарындағы жаңа жерлерге жер аударылған халықтардың бейімделу жағдайы туралы естеліктер, ғылыми еңбектер, архив қорларындағы материалдар бойынша салыстырмалы талдау жасалады және облысқа депортацияланған халықтар тарихына байланысты архив құжаттары ғылыми айналымға енді.
Мақалада қоныс аударушылардың Түркістан облысы аумағына депортацияланғаннан кейінгі әлеуметтік тұрмыстық жағдайы, бейімделуі туралы тың мәліметтер берілген.
Методология. Мақалада талдау және синтез ғылыми таным әдістері, сондай-ақ проблемалық хронологиялық, статистикалық әдістер қолданылды. Талдау және синтез әдістерін қолдану арқылы депортацияланатын халықтардың қоныстану үдерісін, тұрмыстық, құқықтық жағдайын қарастыруға және сипаттауға мүмкіндік береді.
Алғыс: Мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Депортацияланған халықтардың әлеуметтік бейімделуіндегі отбасының рөлі 1930–1950жж. (Түркістан облысы бойынша)» тақырыбындағы гранттық қаржыландыру жобасын жүзеге асыру аясында орындалды (жеке тіркеу нөмірі: AP26103859).
