БІРІНШІ КРЕСТ ЖОРЫҒЫНДА БАТЫС ЕЛДЕРІНІҢ ШЫҒЫСТАҒЫ ЭКСПАНСИЯСЫ ЖӘНЕ СЕЛЖҰҚ МЕМЛЕКЕТІ (ЕУРОПАЛЫҚ МАТЕРИАЛДАР БОЙЫНША).
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH2025118310Аннотация
Соңғы жылдары отандық медиевистикада Крест жорықтарының тарихы мен кресшілердің Шығыс халықтарына саяси, мәдени ықпалын зерттеу өзекті тақырыптардың қатарынан орын алып келеді. Сол сияқты, отандық ғылымда түркі мемлекеттері мен Еуропа елдері арасындағы байланыстар мен өзара тарихи ықпалдастық тарихын зерттеу күн тәртібіне ілінді. Бірінші Крест жорығында еуропалықтардың Шығыста жүргізген әскери басқыншылығына қарсы тұрған халықтардың бірі – түркі-селжұқтар болды. Ұсынылып отырған ғылыми мақалада, Селжұқ мемлекеті мен кресшілер арасындағы соғыс қимылдары, оның барысы мен нәтижелері қарастырылады. Селжұқ мемлекеті бұл кезде Шығыстағы ең ірі түркі-мұсылман мемлекеті болып, ол барлық халықтарды осы діни соғысқа шақырды. Соның негізінде Жиһад соғыстары орын алды. Осыған орай, ғылыми жұмыста Бірінші Крест жорығы кезінде түркі-селжұқтар мен еуропалықтар арасындағы соғыс қимылдары тек саяси тұрғыдан ғана емес діни тұрғыдан да талдауға түседі. Түркі-селжұқтар мен еуропалықтардың соғысы Шығыста мәдениет пен өркениеттер арасындағы соғыс ретінде де сипатталады. Зерттеу жұмысында алға қойылған негізгі ғылыми міндеттердің бірі – тақырыпты мәдени және өркениеттік қырынан зерттеу болып табылады. Орта ғасырларда түркі-селжұқтар Еуропа халықтарына ықпал етуші күшке айналды. Олар Бірінші Крест жорығында еуропалықтардың Шығыстағы соғыстарына тосқауыл болуға тырысты. Сондықтан, да бұл мәселені «Еуропа және түркі әлемі» тақырыбының аясында да қарастыру қажет. Мақала авторлары Селжұқ мемлекеті түркі әлемінің ең қуатты ортағасырлың мемлекеті екенін алға тарта отырып, Бірінші крест жорығы кезіндегі оның саяси және әскери қызметін зерделейді.