ТАРИХИ ДАМУ КОНТЕКСТІНДЕ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ҚАЛАЛАРЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ МАҢЫЗЫ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH2025117207Кілттік сөздер:
Қазақ хандығы, ортағасыр, қала мәдениеті, құрылыс ерекшеліктеріАннотация
Бұл зерттеудің мақсаты – Қазақстан аумағында ортағасырлық кезеңде қалалық мәдениеттің қалыптасу себептері, алғышарттары мен тетіктерін кешенді түрде талдау, сондай-ақ Қазақ хандығы шеңберіндегі қалалардың әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени рөліне баса назар аудару болып табылады. Көшпелі шаруашылық үлгісі басым болған жағдайда Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде тұрақты қалалық орталықтардың қалыптасуы, бұл көпқырлы талдауды қажет ететін күрделі тарихи-өркениеттік құбылыс. Зерттеудің міндеттеріне: Қазақстанның оңтүстік аймақтарында урбанизация үдерісіне ықпал еткен географиялық және климаттық факторларды анықтау; Ұлы Жібек жолының экономикалық және мәдени трансмиссия арнасы ретіндегі рөлін зерттеу; исламдық ренессанстың қалалардың сәулет, білім және рухани өміріне әсерін талдау; қалалық ортадағы зайырлы және діни билік арасындағы қатынастың ерекшеліктерін қарастыру мәселелері жатады. Зерттеудің әдіснамасы тарихи-әлеументтанулық, мәдениеттанулық және салыстырмалы-тарихи тәсілдердің синтезіне негізделген. Археологиялық деректерді, жазбаша дереккөздерді және тарихи география материалдарын қолдану арқылы урбанистикалық үдерістердің ұзақмерзімді динамикасын қадағалауға және отырықшы мен көшпелі компоненттердің өзара әрекеттесу заңдылықтарын анықтауға мүмкіндік туады.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы ретінде, қазақ урбанизациясының үлгісін көшпелі және отырықшы өркениеттер тоғысында қалыптасқан гибридтік жүйе ретінде анықталуын жатқызуға негіз бар. Алғаш рет қалалардың Батыс пен Шығысты жалғайтын стратегиялық түйіндер ретінде атқарған рөліне ерекше назар аударылды, бұл олардың тек сауда емес, сонымен қатар мәдени, діни және саяси идеялардың таралу орталықтары болғанын көрсетеді. Қалалар экономикалық өсім мен Қазақ хандығы билігінің халықаралық дәрежеде көрініс табудың негізгі тіректеріне айналды. Зерттеудің ғылыми тұжырымы, ол далалық жағдайдағы урбанизация бұл оқшаулау құбылысы емес, керісінше, жергілікті қауымдастықтардың жаһандық трансформацияларға бейімделу қабілетін айқын көрсететін үдеріс ретінде қарастырылады. Қазақстан қалалары мәдени синтез алаңдарына айналып, ислам, түркілік дәстүр, жергілікті өзін-өзі басқару нысандары мен сыртқы саяси мүдделер өзара ықпалдасқан кеңістік қалыптастырды. Осылайша, Қазақстандағы ортағасырлық қалалық мәдениеті, жергілікті және әмбебап факторлар тоғысуының нәтижесі ретінде күрделі тарихи динамиканы бейнелейтін, қазақ даласын Еуразиялық өркениеттік кеңістіктің ажырамас бөлігіне айналдырған құбылыс болып табылады.