ТАСТАҚ ҚОРЫМЫНДАҒЫ 2023 Ж. АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР (АБАЙ ОБЛЫСЫ, ҮРЖАР АУДАНЫ)
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2024.v114i3-015Аннотация
Мақалада алғаш рет 2023 ж. жазғы маусымда Тарбағатай жотасының күнгейінде орналасқан Тастақ қорымындағы археологиялық зерттеулердің қорытындылары ғылыми айналымға еніп отыр. Аталмыш аймақ археологиялық тұрғыдан аз зерттелген аудандардың қатарына жатады. Далалық стационарлық жұмыстар барысында жергілікті аймақты барлау жұмыстары жүргізіліп, қорымның топографиялық жоспары түсірілді. Сонымен бірге, екі обаға қазба жұмыстары жүргізіліп зерттелді (№ 7 және № 11). Ескерткіштердің топографиялық орналасуы, қабір үсті және қабірішілік құрылыстың құрылымы, сондай-ақ жерленген мәйіттің орналасуы мен бағыты классикалық сақ кезеңіне сәйкес келеді. Зерттелген обалардың кейбір құрылымдық ерекшеліктері анықталды: тас қабаты, қабір үсті қоршауы. Аталған құрылымдық ерекшеліктер осы кезеңдегі ежелгі көші-қон процестерімен байланысты болуы мүмкін. Археологиялық деректердің жан-жақты сипатамасы мен мерзімделген аналогиялар тізбегін анықтайтын салыстырмалы-типологиялық әдіспен қатар, 14С радиокөміртекті AMS сараптамасы барысында зерттелген ескерткіштер б.з.д. IV ғ. мерзімделеді. Обалардың тоналып кеткендігіне қарамастан, ескерткішті зерттеу барысында алынған материалдар Шығыс Қазақстанның сақ тайпаларының материалдық және рухани мәдениетін зерттеуге үлкен үлес қосатыны сөзсіз.
Кілт сөздер: Шығыс Қазақстан, Тарбағатай жотасы, Тастақ, қорым, ерте темір дәуірі, обалар.