1920 жылдардағы Семей өңіріндегі сауатсыздыққа қарсы күрес: мәселелері мен нәтижесі
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2024.v113i2-08Аннотация
Мақалада Кеңес үкіметінің бірінші онжылдығында Семей өңірінде сауатсыздықты жоюдың төмен нәтижесінің себептері талқыланды. Зерттеу жұмысында сауатсыздықтың төмен деңгейінің негізгі себептері анықталып және оны жеңу үшін биліктің қолданған әртүрлі әдістері мен тәсілдері қарастырылды. Өңірде пайда болған сауатсыздықты жою мекемелерінің: «Сауатсыздықты жою» қоғамы, «қызыл отау» ұйымы, балалар үйі, сауатсыздықты жою пункттері, бірінші басқыштағы мектептер, қазақ педагогикалық техникумының рөлі мен маңыздылығы атап өтілді.
Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағаты мен Абай облысының мемлекеттік мұрағаты қорларының материалдары негізінде өңірдегі сауатсыздық деңгейінің сандық және сапалық көрсеткіштері айқындалды. Сауатсыздықты жою жөніндегі халық ағарту бөлімдерінің нұсқаулықтарының, ақпараттық-есеп беру хаттары мен баяндамаларының мазмұны мен мәні ашылды. Өңірдегі халықтың сауаттылығының пайызы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есептер мен статистикалық мәліметтер жинақтарынан алынған ақпараттың негізінде анықталды.
Авторлар кеңестік биліктің Қазан төңкерісінің он жылдығына орай өңірде сауатсыздықты жою міндетін бірқатар объективті және субъективті себептер бойынша: халықтық білім беру мекемелерін нашар қаржыландыру, мектептерді қоғамдық ұйымдардың қаражатына ауыстыру, педагог кадрлардың тапшылығы, сауатсыздықты жоюдың ауылшаруашылық қызметінің маусымдылығына тәуелділігі, қоғамның қыздардың білім алуына немқұрайлы қарауы мен халықтың сауатсыздық жою процесіне селқостық танытуынан сауатсыздықты жою мәселесін шеше алмады деген қорытындыға келді.
Семей өңірінде сауатсыздықты жою жөніндегі іс-шаралар 1930 жылдың басында партиялық-мемлекеттік басқарушы органдар қабылдаған шешімдердің негізінде «жалпыға бірдей» бастауыш білім беру жүйесін енгізумен жалғасты.
Түйін сөздер: Семей өңірі; сауатсыздық, сауатсыздықты жою, сауатсыздықты жою пункттері, бірінші басқыш мектебі, «Сауатсыздық жойылсын» қоғамы, қызыл отау, балалар үйі, кеңестік білім.