ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы Жетісудағы босқындар жөніндегі кеңестік ерекше комиссия қызметі
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2024.v113i2-05Аннотация
XX ғасырдың бірінші ширегіндегі азаматтық қарсы тұру кезіндегі қақтығыстарға қатысып, атамекенін тастап қашуға мәжбүр болған босқындар тағдыры саяси катаклизмдер тарихының аз зерттелген тақырыбы болып табылады. Ұсынылып отырған мақаланың мақсаты 1916 жылғы көтерілістен соң және Ресейде Кеңес билігі орнағаннан кейінгі алғашқы жылдарда шекара асып, ең алдымен Батыс Қытайға кеткен босқындарды қайтару және орналастыруды мақсат еткен Түркістан Републикасы ОАК жанынан құрылған ерекше комиссияның қызметін талдау болып табылады. Патшалы Ресейдің ұлт-азаттық көтерілісті жазалау саясатынан, кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдардағы қысымнан бас сауғалап шетелге босқан халықты қайтаруға байланысты кеңестік ұстанымның эволюциясы ішкі қоғамдық-саяси және геосаяи ахуалға тәуелді болды. Зерттеу барысында шынайы өмірдің бейнесін қалыптастыруға жәрдемдесетін дескриптивті әдіс пайдаланылды. Дескриптивті әдіс босқыншылықтың құбылыс ретінде қалыптасуы мен кезеңделуінің тарихи себептеріне тереңдеуге мүмкіндік береді. Ғылыми зерттеу нәтижесінде отандық тарих ғылымында алғаш рет босқындарды қайтару және орналастыру жөніндегі кеңестік ерекше комиссияның құрылуы және қызметінің қырлары, құрылымы жүйеленді. Босқындардың барған елдегі жағдайы нақты деректермен сараланды. Шетелдік және отандық республикалық архив қорларының, оған қоса зерттеу объектісіне тікелей қатысы бар аудандық архивтер жеке қорларының құнды деректерін пайдалана отырып, босқындарды қайтару және орналастыру саясатының әлеуметтік-экономикалық, саяси себептері, оның барысы мен нәтижелері талданды. Ғылыми зерттеуде сондай-ақ, отандық тарих ғылымда алғаш рет XX ғасырдың 20- жылдарындағы босқыншылық проблемасын шешу бойынша кеңестік азаматтық, әскери және дипломатиялық құрылымдардың өзара әрекеттесу дәрежесі, позицияларындағы қайшылықтары мен оның себептері талданды. Зерттеу нәтижелерін XX ғасырдың бірінші ширегіндегі әлеуметтік тарих және миграция мәселесі бойынша жоғары оқу орындары гуманитарлық саласы бойынша арнайы курстарда, оқулықтарда, танымдық жарияланымдарда пайдалануға болады.
Кілт сөздер: қазақ-қырғыз босқындар, Синьцзян провинциясы, ерекше комиссия, Іле протоколы, кіші комиссия, шекаралық уездер, құлдықтағы босқындар