Қазақтардың қасқыр культімен байланысты дәстүрлі халықтық білімі
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2024.v113i2-018Аннотация
Қасқыр – түркі халықтарының барлығында дерлік символдық мәнге ие жыртқыш аң. Ерте түркілер қасқырға қатысты «бөрі» эвфемистік атауын қолданған. Түркі халықтарының барлығы дерлік өздерін Көкбөрінің ұрпағымыз деп есептейді. Дегенмен, түркі халықтарында «бөрі» ұғымы әртүрлі сипаттарға ие. Қазақ халқы үшін қасқырға байланысты халықтық білім мен дағдылар жүйесі ерте заманнан табиғат пен жануарлардың сырын білумен байланысты. Адам мен қасқырды тануға байланысты этнофольклорлық жүйе (аңыздар, ертегілер, мақал-мәтелдер) және қасқыр түрлеріне, жасына, түсіне қарай атаулар жүйесі қалыптасты. Ежелгі түріктер қолданып жүрген «Бөрі» эвфемистік атауы мен қасқыр культі көне заманнан күні бүгінге дейін өз мәнін жойған жоқ. Жартастағы суреттер мен археологиялық мұралар қазақ жерін мекендеген ежелгі тайпалардың өмірі мен дүниетанымындағы қасқыр бейнесінің маңызын айқындайды. Терісін өңдеп үйге іліп қойған, терісінен қасқыр тон және қасқыр тымақ тіккен. Жүрек, өңеш, қасқыр етінің сорпасы, майы, өт, жыныс мүшелері этномедицинада әртүрлі ауруларды дәстүрлі емдеу үшін пайдаланылды. Бас сүйек, жақ, тіс, аяқ және терісі сияқты дене бөліктері магиялық және ғұрыптық мақсаттарда пайдаланылды. Аңшылық кәсібінде қасқырды аулаудың дәстүрлі әдісі тұзақ құру кең қолданыста болды. Қасқырға байланысты мақал-мәтелдер жүйесі қазақтың қасқыр туралы танымының ерекшелігін көрсетеді. Қасқырларға қатысты далалық зерттеулер Сырдария-Арал өңірінде, Қазақстанның батыс бөлігінде, Ұлытауда жүргізілді.
Тірек сөздер: Қасқыр, Бөрі – эвфемистік атауы, Халық танымы, Ғұрыптық магия.