РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ЖЕТІСУ ӨЛКЕСІН ОТАРЛАУЫ (І. Жансүгіров еңбектері негізінде)
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2024.v112.i1.02Аннотация
«Ресей империясының Жетісу өлкесін отарлауы (І.Жансүгіров еңбектері негізінде)» атты тақырыптағы зерттеу мақаламызда құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтың тарихи тұрғыда жазылған шығармаларына назар аударылады. Ілияс Жансүгіровтың тарихқа қатысты еңбектері көп уақыттар бойы оқырмандар мен зерттеушілер назарынан тыс қалып келді. 2001 жылы журналист Әбілхан Әбіласанның құлагер ақынның бұл бағытта жазылған шығармаларын араб ғарпінен кириллицаға аударып, жинақ ретінде жарыққа шығарды. Зерттеу мақаламызда жинаққа енген Ілияс Жансүгіровтың «Жетісу өлкесін орыс алуы» атты тарихи еңбегі негізінде Ресей империясының Жетісу өлкесін отарлау саясаты ғылыми тұрғыда қарастырылып, нақ сол аймақты мекендеген қазақ руларының қарулы қарсылық көрсеткені ашып көрсетіледі.
Мақалада құлагер ақынның тарихи бағытта жазылған шығармаларының Ресей отарлауы кезіндегі Жетісу өлкесін мекендеген қазақ руларының қарулы қарсылығын ашып көрстеудегі маңызы айқындалды. Екінші, ақынның кәсіби тарихшы болмаса да шығармаларындағы тарихи оқиғалар және көрсетілген уақыт мерзімдерінің дәлдігі, тарихи тұлғалардың іс-әрекеттері еш қатесіз әрі шынайы берілуі анықталды. Үшінші, Ресей отарлауына қарсы қарулы бас көтерген найман руына басшылық еткен төре тұқымына жататын Сыбанқұл Ханқожаұлының іс-әрекеті, шығу-тегі жан-жақты ашып көрсетілді. Төртінші, мақала авторы құлагер ақын І.Жансүгіровтың ХІХ ғасырда өмір сүрген Мұрат Мөңкеұлының, Махамбет Өтемісұлының шығармаларымен жақсы таныс болғандығын пайымдайды. Бесінші, І.Жансүгіровтың тарихи тұрғыда жазған шығармалары негізінде болашақта көңіл аударып, зерттеу объектісі ретінде қарастыратын тақырыптарды айқындап көрсетеді: 1) Лепсі мен Қаратал өзендері арасын мекендеген матай руларының орыс басып алуына тегеурінді қарсылығы; 2) Орыс басып алуына қарсы албан руларының қарсылығы; 3) Орыс басып алуына қарсы дулат руларының қарсылығы; 4) Орыс басып алуы барысындағы Жетісу өңіріндегі Қоқан хандығының ықпалы және Ресей-Қоқан қатынастары; 5) Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске Жетісу өңірі қазақтарының қатысуы.
Мақалада құлагер ақынның соңына қалдырған мол мұрасын зерттеу тек әдебиетшілердің ғана еншісіне қалдырмай, тарихшылар тарапынан да зерттеу қолға алынуы керектігін баса көрсетеді. Бұның өзі ХІХ ғасырдың ортасынан бастау алып, ХХ ғасырдың бірінші ширегіне дейін созылған Ресей империясының Жетісу өлкесін отарлау саясатын кешенді түрде зерттеуге септігін тигізеді. Сонымен қатар, өлкетану бағытына да қосатын үлесі және жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор болмақ.