Екінші дүниежүзілік соғыстың жапон әскери тұтқындары: тарихнамалық шолу
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2023.v111.i4.09Аннотация
Зерттеу мақсаты – 1956 жылға қарай тұтқыннан босатылып, Жапонияға оралған әскери тұтқындар тақырыбына тарихнамалық талдау жасау және зерттелу ееркшеліктерін ашу. Қазақстан аумағында қайтыс болған және хабар-ошарсыз кеткен жапон әскери тұтқындарының саны туралы нақты деректердің болмауына байланысты бірқатар гуманитарлық мәселелер әлі шешілмеген, соның ішінде, тұтқындарды жерлеу мәселесі шешімін таппаған. Жапондықтарға қатысты саяси мәселелер де шешілген жоқ. Отанына оралғаннан кейін жазылған бұрынғы жапон әскери тұтқындарының естеліктері және қолжетімді архив құжаттары осы тақырыпты қайта қарауға негіз болады.
ІІХК (НКВД) лагерлерінде жапон әскери тұтқындарының еңбегін пайдалану мәселелері шетелдік және отандық тарихнамада жеткілікті зерттелмеген. Бұл мұрағаттық құжаттардың қолжетімсіздігімен байланысты болды. Жапон әскери тұтқындарына қатысты архив құжаттары тек 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында құпиясыздандырылды. Алайда архивтерде әлі де құпиялылығына байланысты зерттеушілерге қолжетімсіз көптеген материалдары бар. Соғыстан кейінгі жылдары Қазақстан аумағында болған жапон әскери тұтқындарының тарихына байланысты мәселелер қазіргі көзқарас тұрғысынан ғылыми объективті зерттеуді талап етеді.
Сондықтан, мақалада екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан тұтқындалған жапон әскери тұтқындарының тарихына қалам тартқан ғылыми еңбектер мен зерттеулерге талдау жүргізіледі.
Түйін сөздер: Жапон әскери тұтқындары, ІІХК, тарихнама, репатриация, тұтқын лагерьлері.