Көксеңгір қыратындағы кейінгі сармат обаларының зерттелуі (Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының архив материалдары бойынша)
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2023.v111.i4.017Аннотация
Мақалада ХХ ғ. 40-90 жж. аралығында Шығыс Арал маңында жүргізілген Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының (ХАЭЭ) археологиялық зерттеу жұмыстарына шолу жасалады. Сонымен қатар, Хорезм экспедициясы 1960-1961 жж. қазба жұмыстарын жүргізген Көңсеңгір обалары қарастырылады.
Археологиялық дереккөзді зерттеу кезінде далалық және зертханалық зерттеулерді біріктіретін дәстүрлі әдістер қолданылды. Зерттеудің дереккөздік базасын РҒА Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтының архив қорында сақталған ХАЭЭ материалдары және Хорезм мен Шірікрабат археологиялық экспедициялары мүшелерінің жарияланған еңбектері құрайды.
Бұл жарияланымда ХАЭЭ-ның кейбір архив мәліметтері алғаш жарияланып отыр. Мысалы, №2 және №3 обаларға жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижелері мен №1 обадан табылған қылыш қынабына бекітілген алтын түйенің басы бейнесіндегі жапсырманың түсті фотосы тек архивте сақталған. Зерттеу нысаны орналасқан аймақта Ә.Ә. Тәжекеевтің жетекшілігімен қайта барлау жұмыстары да жүргізілген.
Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы сармат кезеңінің материалдары Жетіасар шатқалындағы ескерткіштерде кездесетіні ғылымға мәлім. Бірақ, жекелеген тек сармат ескерткіші ретінде, әзірге, Көңсеңгір обаларын ғана айта аламыз. Сол себепті, мақаладағы деректер сармат археологиясы үшін маңызды деп есептейміз.
Мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Қазақстан тарихындагы ғұн-сармат кезені: пәнаралық зерттеу, талдау және қайта жаңғырту» тақырыбындағы бағдарламалық-мақсатта қаржыландыру жұмысын жүзеге асыру аясында орындалды (тіркеу нөмірі: BR 18574175).
Түйін сөздер: Сырдария, Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы, Көксеңгір қыраты, обалар, керамика.