Сығанақ қаласының археозоологиялық материалдары (2021 ж. қазба бойынша)
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2023.v110.i3.019Аннотация
Мақалада ортағасырлық Сығанақ қаласынан 2021 жылы табылған жануар сүйектерін археозоологиялық талдау нәтижелері қарастырылып отыр. Зерттеу жұмысының мақсаты археозоологиялық материалдар негізінде Сығанақ қаласының XVIII-XIX ғғ. шаруашылығының ерекшеліктерін анықтау болып табылады. Бірінші және екінші құрылыс қабаттарының остеологиялық материалдары жануар түрі бойынша анықталып, мөлшері беріледі. Археозоологиялық зерттеу барысында жануар түрлеріне қарай анықталған сүйектердің 87,2% үй жануарларына тиесілі екендігін көрсетсе, жабайы жануарлардың үлесі 12,8%. Материалдардың 30,7% уақ мал сүйектері құрайды. Екінші орында 26,4% жылқы сүйектері, ірі қара сүйектері 21,6%. Түйеге тиесілі қаңқа элементтері 3,8%. Итке тиесілі сүйектер де түйе сүйектерімен шамалас – 3,6%. Жабайы аңдардың ішінде ақбөкен сүйектерінің саны басым – 9,2%. Басқа жануарлардың сүйектері 1% шамасындағы мөлшерді қамтиды. Бірқатар үй жануарларының сүйектеріне жүргізілген морфометриялық зерттеу нәтижелері графикалық корреляция түрінде беріледі. Сығанақ қаласының археозоологиялық мәліметтері Күлтөбе (Түркістан қ.), Отырар, Күлтөбе (Созақ ауд.), Шымкент және Қаратөбе қалаларының археозоологиялық зерттеу нәтижелерімен салыстырмалы түрде талданды. Шаруашылықтағы үй жануарларының пайыздық қатынасы жоғарыда аталған ескерткіштермен ұқсас. Сығанақ жылқыларының метаподияларының өлшемдеріне Күлтөбе және Шымкент қалаларынан табылған жылқы сүйектерінің өлшемдерімен салыстырмалы талдау жасалды. Биометриялық зерттеу нәижелері Оңтүстік Қазақстан өңірінде XVI-XIX ғасырлардағы жылқылардың жота бойынша биіктігі шамамен 144-136 см болғанын көрсетіп отыр.
Мақала «BR10965310 «Тарихи-мәдени мұра нысаны – ортағасырлық Сығанақ қалашығында кешенді археологиялық зерттеулер жүргізу» тақырыбындағы ғылыми жоба негізінде дайындалды.