Шағатай және Жошы ұлыстарындағы діни ахуал: авторитарлық билік өкілдерінің исламды қолдауының ішкі және сыртқы мотивациясы

Авторлар

DOI:

https://doi.org/10.26577/JH.2023.v109.i2.01
        149 340

Аннотация

Аңдатпа. Мақалада Шағатай және Жошы ұлысы тарихындағы ислам дінінің таралу мәселесін, атап айтқанда ортағасырлық постмоңғолдық мемлекет билеушілерінің дінді жеке таңдауы және исламды қабылдау процесін объективті талдауға ұмтылыс жасалды. Кеңес дәуіріндегі әдебиетте дінді қабылдау феноменін субъективті және объективті мотивтермен іске асқан  күрделі әлеуметтік-психологиялық құбылыс ретінде түсінуге тырысудың орнына – дінді үстем таптың өз мүддесіне пайдалануы туралы үстірт, біржақты, тұрпайы-әлеуметтанушылық көзқарас таралды. Мұғұлстан[1] мен жалпы шағатайлық хандар мен әмірлердің (Әмір Темір, т.б), сондай-ақ Алтын Орда билеушілерінің ислам дінін қабылдау нарративтерін салыстырмалы зерттеу мысалында түркі-моңғол билеушілерінің дүниетанымы мен іс-әрекет үлгісіне ортағасырлық сопылықтың және ерекше діни ахуалдың ықпал еткенін анықтауға болады. Бұл ахуалда тек қарапайым адамдар ғана емес, сондай-ақ хандар да сопы шайқыларының рухани ықпалына түсіп, олардың ақыл-кеңесіне құлақ асып отыратын болған. Кей жағдайларда дін билеушінің құралы ғана емес, мақсатына айналып, оның, тіпті, тақтан бас тартуына да алып келіп отырған (Тармаширин, Туда Меңгу). Сонымен бірге, ислам дінін таратушы хандар әлеуметтік интеграция, халықаралық сауда, дипломатиялық байланыстарды дамыту тұрғысынан исламданудың пайдасын көре отырып, өз мемлекетінде исламды  таратудың рационалды түрдегі объективті пайдасын көздегенін де жоққа шығаруға болмайды. Шағатай, сол сияқты Жошы әулеті билеушілері ішкі және сыртқы саясат міндеттерін шешуде діннің күш-қуатын, мүмкіндіктерін шебер пайдаланды, бұл жерде исламның біріктіргіш (интегралды) қуаты мен мемлекеттіліктің авторитарлы аристократиялық тұрпаты жөнінде сөз болып тұр. Исламдану билеуші әулеттің сакралды заңдылығын және жаңа мұсылмандық түркі-моңғолдық бірегейлікті қалыптастыру арқылы билікті күшейтуге және қоғамның идеологиялық қағидаларын нығайтуға мүмкіндік берді.

Кілтті сөздер: Орталық Азия, билеушілер, Шағатай және Жошы ұлыстары, Мұғұлстан, Әмір Темір, исламды қабылдау, мотивация, суфизм, прозелитизм

 

[1] *Мұғұлстан –  мақалада ескі әдебиеттегі «Моғолстан» этнополитонимінің жаңа жазылу нұсқасы қолданылады (орыс әдебиетінде – Могулистан; ағылшын тілінде Moghulistan)

 

Жүктелулер

Как цитировать

Nurtazina, N. D., & Kartabayeva, E. T. (2023). Шағатай және Жошы ұлыстарындағы діни ахуал: авторитарлық билік өкілдерінің исламды қолдауының ішкі және сыртқы мотивациясы. КазҰУ Хабаршысы. Тарих Сериясы, 109(2). https://doi.org/10.26577/JH.2023.v109.i2.01

Шығарылым

Бөлім

Раздел 1 История отечества