ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРДЕГІ ҚАСТЕК ЖӘНЕ ЫРҒАЙТЫ АСУЛАРЫ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2022.v106.i3.017Аннотация
Мақалада ежелгі және орта ғасырлардағы керуен жолдарының күрделі әрі қауіпті бөліктеріне жататын Қастек және Ырғайты асулары қарастырылады. Тянь-Шаньның (Тәңір таудың) сілемдеріндегі Қастек пен Жетіжол тау жотасы аралығында Қастек асуы және Жетіжол мен Атжайлау таулары арасында Ырғайты асуы жатыр. Керуендер немесе көші-қон Қастек асуы арқылы Шу өңірінен Іле алқабына қарай өтсе, Ырғайты асуы арқылы Шу өңірінен Шу-Іле тауын жағалап, Балқаштың батыс жағынан шыққан. Осы аталған аймақтағы таулар мен асулардың жазба деректерде кездесетін атаулары және олардың этимологиясы тереңірек талқыланады. Жазба деректерде кездесетін «Кара-Касмак», «Арджату», «Урун-Ардж» атауларының шығу төркініне талдау жасалады. Сонымен қатар ежелде осы аумақты мекендеген үйсін тайпаларының жазба деректерде кездесетін «uosuәn», «oswәn», «асиен», «у-суни = асиан», «усун» («usun») атауларының мағынасына шолу жасалады. Автордың соңғы жылдары осы аймаққа жүргізген археологиялық барлау-іздестіру жұмыстары негізінде анықталған мәліметтер сараптала отырып, Қастек және Ырғайты асуларына жаңа деректер тұрғысынан талдау жүргізіледі. Автор ежелгі керуен жолдары мен оның бойындағы ортағасырлық ескерткіштердің зерттелу тарихына шолу жасап, кейінгі жылдары ашылған археологиялық ескерткіштердің топографиялық орналасуындағы ерекшеліктерді көрсетеді. Мақала барысында, керуен жолдары өткен асулардың атауы этимологиялық тұрғыдан қайта қарастырылады және жазба деректерге сүйене отырып, «Үйсін Алатауы» және «Үйсін асуы» деген атаулар ұсынылады.