2022 ЖЫЛЫ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ СЫҒАНАҚ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚОРЫМЫНДА ЖҮРГІЗІЛГЕН ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ НӘТИЖЕЛЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2022.v106.i3.013Аннотация
Кесене дегеніміз – қабір, бейіт, мола үстіне тұрғызылған ескерткіш. Түркі халықтары ғасырлар бой қаза тапқан туыстарының қабірінің үстіне кесенелер тұрғызып отырған. Себебі, кесенелер қаза тапқан мархұмның арғы өмірлік үйі болып есептелген. Кесене құрылыстарын негізге ала отырып кесенеде жерленген адамдардың әлеуметтік деңгейін немесе қандай тап өкілінен шыққандығын байқауға болады. Үлкен көлемді, бірнеше бөлмеден тұратын, ішкі және сыртқы қабырғалары әрлеуіш қыш қаптамалармен қапталған зәулім кесенелердің атақты тұлғаларға арнап тұрғызылғандығы белгілі. Кесенелерден бір немесе бірнеше жерлеу орындарды кездестіруге болады. Анықталған жерлеу орындар мен табылған заттай деректер, байырғы тұрғындардың статусын, дүниетанымын, тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрлерін, діни наным-сенімдерін, жерлеу ғұрыптарын анықтауға мүмкіндік береді. Осы себепті мақалада, ортағасырлық Сығанақ қаласында 2022 жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында ашылған №6 және №7 кесенелерді зерттеп, талдап ғылыми айналымға енгізуді мақсат еттік. Тақырып аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, №6 және №7 кесенелердің өзіндік ерекшеліктерін, жасалу технологиясы және салыну кезеңі анықталды. Салыстырмалы талдау жұмыстарының нәтижесінде көршілес аймақтардағы осы үлгідегі кесенелермен ұқсастығы мен айырмашылығы анықталып, ғылыми тұжұрымдар жасалынды. Сонымен қатар, мақалада кесенелердің пайда болу тарихын анықтауды жөн санадық. Осы күнге дейін, аз зерттелген Сырдарияның орта ағысында орналасқан кесенелердің пайда болу тарихын зерттей келе, Орталық Азияда мекендеген көшпелі халықтардың ежелгі жерлеу дәстүрінің негізінде кесенелердің пайда болғандығы айтуға болады. Зерттеу нәтижесінде кезеңдер бойынша кесене құрылыстарының қалыптасу және даму тарихы көрсетілді. Түйін сөздер: Сығанақ, ортағасырлық қалашық, кесене, сәулет ескерткіш, жерлеу дәстүрі, қыш қаптама.