Ақтерек қорымының археологиялық-антропологиялық сипаттамасы
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2022.v106.i3.012Аннотация
Қазіргі заманда тіс морфологиясының анықтамаларын зерттеудің нәтижелері физикалық антропологияда ерекше бағаланады. Өйткені одонтологиялық анықтамалар ерте және қазіргі адамдардың этногенетикалық процестері туралы өте құнды мағлұмат береді. Аталмыш мақалада Алматы облысы Жамбыл ауданы Ақтерек моласынан алынған краниологиялық материалдарға алғаш рет одонтологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қазбадан 2014, 2017, 2021 жылдары алынған палеоантропологиялық материалдар зерттелді. Сонымен қатар моладан археологиялық заттар да алынды. Табылған археологиялық заттарға салыстырмалы-типологиялық талдау нәтижесінде, олардың тарихи хронологиясы антикалық б.з.д. ІІ ғғ.,VІ-Х б.з. ғғ. түрік кезеңдерінде жазылғаны анықталды. Одонтологиялық зерттеу бағдарламасына 15 одонтологиялық және 2 одонтоглификалық анықтамалар зерттелді. Анықтамаларды өңдеу және талдау методикасы мен методологиясын анықтауда А.А. Зубовтың әдістемесі бойынша зерттелді. Зерттеу жұмыстарының нәтижелері Ақтерек тұрғындарының одонтологиялық типі еуропеоидты екенін, ол жергілікті одонтогенетикалық негізінде қалыптасқанын анықтайды. Ерте темір дәуірінде Орталық Қазақстан жерінде тіршілік еткен сақ тайпаларымен одонтологиялық анықтамалардың өте ұқсастығын, әсіресе батыстық тармақтағы фендердің басымдығын дәлелдейді. Антикалық және түрік дәуіріндегі тұрғындардың одонтологиялық типі «батыстық» одонтологиялық комплекске жататыны, монғолоидтық элементтердің өте аз шамада екені анықталды. Оны екінші азу тістің эмаль ойығы мен азу тістің алдыңғы жағындағы ойығының кездесуінен көруге болады. Жалпы Ақтерек тұрғындарын басқа сериялармен салыстырғанда, олардың Күлтөбе (Қазақстан), Дальверзітепе, Ескі Тербез (Өзбекстан) серияларымен жақындығын байқатады. Түйін сөздер: археология, қорғандар, қоныстар, тұрақтар, ескерткіштер, антропология, одонтология, палеоантропология, краниология, қажалғандығы, комплекс, типологиялық.