Ортағасырлық Аспара және Шаруашылық қалаларынан табылған сүйектердің жануар түрі бойынша құрамы (2021 жылғы қазба нәтіжелері бойынша)
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2022.v107.i4.018Аннотация
Шу және Талас өңірлеріндегі Аспара және Шаруашылық қалаларынан табылған материалдар негізінде, кейінгі ортағасырлардағы (XIII–XV ғғ.) палеофаунаның құрамы туралы жаңа мәліметтер жарияланып отыр. Аспара қаласы – Шу өзенінің сол жақ саласы болып табылатын Аспара өзенінің сол жағалауында, Қырғыз Алатауының солтүстік беткейіндегі жазықта орналасқан. Шаруашылық қаласы – Мойынқұм құмының оңтүстік-батыс бөлігінде, Талас өзенінің төменгі ағысында орналасқан. Шу-Талас өзендерінің аралығындағы әртүрлі ландшафта орналасқан кейінгі ортағасырлық қалалардың палеофаунасын салыстырмалы зерттеу алғаш рет орындалып отыр. Жалпы 3047 дана сүтқоректі жануарлардың сүйектері зерттеліп, 67,1% нақты түрі анықталды. Туыстық қатынасы мен түрі анықталған жануар сүйектерінің 96% үй жануарларына тиесілі. Шаруашылық қаласынан анықталған сүтқоректі жануарлар мен құс сүйектерінің 99,3% үй жануарларына тиесілі болса, Аспара қаласында – 96,6% құрайды. Үй жануарларының ішінде жартысынан астамы (51,3%) уақ мал сүйектері болса, сүйек саны бойынша екінші орында ірі қара сүйектері (30%), ал жылқы – үшінші орында (16,8%). Аздаған мөлшерде түйе мен ит сүйектері кездеседі. Алынған мәліметтер әртүрлі табиғи-географиялық аймақтарда орналасқанымен, бір тарихи кезеңде өмір сүрген екі ескерткіштердің палеозоологиялық коллекцияларының ұқсастықтары мен айырмашылықтарын бағалауға мүмкіндік береді
Кілт сөздер: Шу-Талас өңірі, кейінгі ортағасыр, Аспара, Шаруашылық, палеозоология, мал шаруашылығы, аңшылық.