Орталық Қазақстан ерте темір дәуірінің Абылай қонысында үй жануарларының көптеп жерленуі
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2022.v105.i2.03Аннотация
Мақалада Орталық Қазақстандағы ерте темір дәуірінің Абылай қонысында табылған үй жанурлары қаңқаларының көптеп жерленген орнын зерттеу нәтижелері беріледі. Бұл жұмыс осы материалдар бойынша жүргізілген талдау нәтижелерін ұсынуға арналған.Жұмыстың мақсаты – сүйек жинақталуының пайда болу себептерін анықтау. Ол үшін қаңқа элементтерінің құрамына және жануарлардың жастық құрамына талдау жасалды. Археозоологиялық сараптама бойынша, жануарлар бір уақытта жерленген. Ерте темір дәуірінің қоныстарында бұл алғаш рет кездесіп отырған жайт. Жануарлардың түрлік құрамы, қаңқа бөліктерінің құрамы және жасы бойынша, шұңқырдан және қоныстың мәдени қабатынан алынған сүйек топтары салыстыра зерттелді. Сараптамалар бұл топтардың арасында маңызды айырмашылықтар бар екенін көрсетті. Шұңқырдан шыққан сүйектер барлығы дерлік бүтін болса, мәдени қабаттан шыққан сүйектер әдеттегі шаруашылық қалдықтарына тән ерекшеліктермен сипатталады. Алынған нәтижелер бойынша, көктемнің басында әлдебір қысқа уақыт ішінде шұңқырға 89 ұсақ мал мен 6 ірі қара жерленген. Жануарлардың көбінің терісі сыпырылған. Бұл жануарлардың көптеп қырылу себебі табиғи апаттан немес ауырудан болуы мүмкін. Авторлар қоныстағы малдың қырылуы жұт кезінде болған деп пайымдайды. Түйін сөздер: Орталық Қазақстан, ерте темір дәуірі, тасмола мәдениеті, қоныс, жануарлардың көптеп қырылуы.