Ортағасырлық Сығанақ пен Асанас қалалары арасындағы керуен жолдары мен ірі қоныстар (жаңа зерттеулер)
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2022.v104.i1.19Аннотация
Мақалада Сығанақ пен Асанас қалашықтарын байланыстырған керуен жолдары мен ірі қоныстар қарастырылды. Зерттеу шекарасы Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі және Сырдария аудандарын қамтиды. Деректердің негізгі базасын Хорезм археологиялық- этнографиялық экспедициясының. жарияланбаған мұрағат мәліметтері (1966 ж.) мен Л.М. Левина, Н.Н. Вактурская, С. Жолдасбаев, К.М. Байпақов, М. Елеуов, т.б. ғалымдардың еңбектері құрайды. Бұл еңбектерде Сығанақ, Бестам, Қызылтам, Ақтөбе, Жаман Ақтөбе, Шиелі төрткүлі, Нәнсай, Омбай, Асанас 1, 2 және 3 қалашықтары, Асанас ата кесенесі көрсетілген. Аталмыш аудандарда 2020 ж. мақала авторларымен жаңа археологиялық барлау жұмыстары ұйымдастырылып, нәтижесінде 4 жаңа ескерткіш – Ботабай төрткүлі, Ботабай, Қатынбаққан және Аққорған қалашықтары ашылды. Сонымен қатар, барлау жұмыстары барысында алынған мәліметтер негізінде қазіргі Тартоғай мен Ботабай ауылдарының арасында ортағасырлық өткел болғанын тұжырымдап отырмыз. 2020 ж. Жанкент археологиялық экспедициясының Асанас тобымен (жетекшісі Ә.Ә. Тәжекеев) ортағасырлық Асанас қалашығында жаңа қазба жұмыстары жүргізілді.
Зерттеу нәтижесінде он сегіз ірі қоныстар мен кесененің табылуы Сығанақ пен Асанас
қалалары арасындағы керуен жолын толығырақ қарастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Түйін сөздер: Сыр өңірі, ортағасыр, керуен жолы, ірі қоныстар, Сығанақ, Асанас.