Ортағасырлық Қышқаладан табылған жануар сүйектеріне археозоологиялық талдау (2021 жылы табылған остеоматериалдар негізінде)
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2022.v104.i1.05Аннотация
Мақалада ортағасырлық Қышқала қаласында 2021 жылы жүргізілген зерттеу жұмыстарының алғашқы нәтижелері беріліп, қала тұрғындарының тұрмысы, шаруашылғы жөнінде тың ақпараттар ұсынылады. Ортағасырлық Қышқала қаласында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары барысында табылған материалдарға алғашқы рет архезоологиялық тұрғыдан талдаулар жасалынып, Сырдария өңірінің ежелгі фаунасының қалыптасуы, өңірдегі мал шаруашылығының ерекшеліктері, жеке жануар түрлерінің өмір сүру ареалына қатысты мәліметтер алынды. Сүйек қалдықтарына жүргізілген талдау жұмыстары көрсеткендей қала тұрғындары негізінен үй жануарларын жиі пайдаланғаны анықталып отыр. Археозоологиялық зерттеу барысында жануар түрлеріне қарай анықталған элементтердің 97,3% үй жануарларына тиесілі екендігін көрсетсе, жабайы жануарлардың үлесі 2,7%. Сонымен қатар, қышқалалықтардың күнделікті тұрмысында аңшылық кәсібінің болғанына остеологиялық деректер арқылы көз жеткізіліп, оған фауналық талдаулар жасалынды. Табылған ірі қара, ақбөкен, елік мүйіздері өңделген, яғни Қышқала тұрғындары тағыда бір кәсіп – мүйіз өңдеу ісін игерген. Қала тұрғындарының шаруашылығында уақ мал (Ovis et Capra) негізгі орын алады. Екінші орында ірі қара (Bos taurus) сүйектері басым болса, үшінші жылқы (Equus caballus) сүйектері көп кездесті. Қышқаладан алынған сүйек материалдарының нәтижесінде тұрғындардың ортағасырлық шаруашылықта ит жануарын тұрақты пайдаланылғанын аңғарамыз. Түйін сөздер: Қышқала, ортағасыр, Сырдария өңірі, Алтын Орда, қазба, археозоология, ежелгі фауна, остеология.