Рахат қонысының қыш бұйымдары IX–XIII ғғ. басы (Рахат археологиялық кешеніндегі далалық зерттеу жұмыстарының нәтижелері)
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2021.v103.i4.10Аннотация
Мақалада Рахат ескерткішін 2021 жылы далалық зерттеу барысында алынған археологиялық материалдар бойынша деректер жарияланады. Ескерткіш Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Іле Алатауы жотасының солтүстік баурайындағы шатқалдан шығатын аттас өзенінің су кемері жайылма үсті террассаларында, Талғар мен Есік қалаларының арасындағы жолдан жоғары орналасқан. 2013 жылдан бастап «Есік» қорық-музейінің қызметкерлерімен, оның ішінде 2017- 2019 жылдар аралығында қытайлық әріптестерімен бірге осы бірегей ескерткішті зерттеудің қысқаша тарихы берілген. Аталмыш ескерткіштің мәдени қабаттарын түсіндіруге арналған археологиялық дереккөздер ретінде – ортағасырлық кезеңдегі қыш бұйымдардың фрагменттері болып табылады. Мақалада 2021 жылғы қазба жұмыстарынан алынған қыш ыдс фрагменттеріне сипаттама беріледі. Фрагменттерге түсіндірме (типтеу) жүргізіледі – Қарлұқ және Қараханидтер кезеңдеріне жататын ортағасырлық ас үй және асханалық қыш ыдыстарының қалпына келтірілген үлгілері қсынылады. Ескерткіштегі қорық қызметкерлерінің зерттеу жылдарындағы қазба жұмыстарының барысында табылған материалдарға статистикалық қорытынды берілген. Ескерткіштің қазіргі зерттелу жағдайы аясында аталмыш ыдыстардың қолданыс мақсатына талдау жасалған.
Қыш (керамика) кез-келген археологиялық ескерткіштегі ең жиі кездесетін артефакт. Қыштың
кез-келген анықталған фрагменті оның ерекшеліктерімен байланысты: қышшылар мектебі, бейнелеу мәдениеті, таңба/белгі жүйесі және саз кен орны. Осылайша, дәуір мен этномәдени топты анықтауға болады. Көзеші саз балшықтан тұрмыстық заттар (керамикалық ыдыстар) алынған алғашқы шығармашылық кәсіптердің бірі, ал қыш фрагменті оның дәуірі туралы ақпарат береді.
Түйін сөздер: Ескерткіш, Іле Алатауының баурайы, Рахат қонысы, орта ғасырлар, қыш, типология және статистикалық талдау.