Түркілердегі жылқы таңбалау дәстүрі
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2021.v103.i4.06Аннотация
Таңбалау – түп тамыры тереңде жатқан көне дәстүрлердің бірі. Таңба тәріздес белгілер рулық қауым кезінде-ақ пайда болған деп саналады. Кей зерттеушілер олардың шығу тегін көшпелі мал шаруашылығының қалыптасуымен байланыстырады.
Ортағасырлық Еуразия далаларын мекен еткен түркі тайпалары және басқа да халықтар жылқыға таңбаны меншік белгісі есебінде салған. Оларды жылқының қолдауына, сауырына, жағына, мойнына, бас арқасына және тірсегіне (таңбаны жасыру үшін) темір аспаппен күйдіріп түсірген. Сатуға немесе айырбастауға арналған малға уақытша белгілер (бояу жағу немесе жүнін қырқу арқылы) қойылғаны туралы мәліметтер кездеседі.
Сондай-ақ жылқыға салынатын айырым белгілерінің қатарына «ен» де жатқызылады. «Ен» таңбамен қатар жүретін ұғым.
Жылқыға таңба басуды Қазақстан жерінен анықталған алғашқы археологиялық деректері
– ортағасырлық жартас суреттері. Қазақ даласында жылқы таңбалау дәстүрінің болғандығын айғақтайтын жазба деректердің ең ертесі V ғ. жатады. Ал орта ғасырлармен мерзімделетін жартас суреттеріндегі жылқы таңбалары ұқсастықтары жағынан алғанда Монғолия және Таулы Алтай жерлеріндегі таңбалармен ұштасатындығы белгілі болып отыр.
Жылқы таңбалау – мал өсірумен айналысқан барша түркі халықтарына ортақ құбылыс және кейбір таңбалардың сабақтастығы көне түркілер дәуірінен бері үзілмей келе жатқандығы байқалады. Қазіргі уақытта бұл дәстүр түбегейлі өзгеріске ұшыраған.
Түйін сөздер: түркілер, орта ғасырлар, таңба, белгі, нышан, таңбатану, жылқы таңбалау, Қазақ даласы