Белорустардың 1990-2000 жылдардағы Қазақстан республикасындағы саны және таралуы
Аннотация
Мақала отандық тарихи-этнография ғылымының зерттелмеген мәселелерінің бірі – қазақстандық белорустар арасындағы этнодемографиялық үдеріске арналады. Қарастырып отырған шығыс славян этносының алғашқы қоныс аударушылары төңкеріске дейінгі Қазақстан аумағына ХІХ ғ. бірінші жартысында келді. ХІХ ғ.-дың 80-жылдары белорустар топ-тобымен Белорусcияның Могилев, Витебск, Виленск, Минск және Гродно губернияларының уездерінен қоныс аудара бастады. Бұл үдеріс 1900 ж. Батыс-Cібір, ал 1906 ж. Орынбор-Ташкент темір жолдары салынған соң және 1906 ж. басталған Столыпин реформасынан кейін өз жалғасын тапты. Қазақстанға белорустардың көшуі кеңестік тоталитарлық жүйе кезінде де жалғасты: 1917 ж. қазан төңкерісі, 1918–1922 Азамат соғысы салдары, 1919–1922, 1930–1932 жж. жаппай ашаршылық, 1928-1932 жж. күштеп ұжымдастыру мен индустрияландыру, 1939-1945 жж. Екінші Дүниежүзілік соғыс, 1954–1960 жж. тың және тыңайған жерлерді игеру, өнеркәсіп орындарын салу, көлік және т.б. өз ықпалын жасады. Біз зерттеп отырған 1990-2000 жылдары белорустар арасындағы этнодемографиялық үдеріс объективті және субъективті факторлармен ерекшеленеді. Біріншіден, белорустар 1989 ж. халық өсімі жағынан шарықтау шегіне жетіп – 182 601 болса, 2009 ж. – 66 476 адам, яғни үш есеге кеміді. Екіншіден, белорустар Қазақстан Республикасындағы басқа шығыс славян және еуропалық этностар сияқты депопуляцияға ұшырады. Бұл кері бағыт олардың этникалық Отанына оралуымен, табиғи өсімінің төмендеуімен және орыс этносымен ассимиляцияға ұшырауымен түсіндіріледі. Бұған орыстардың араласуымен этникалық ұлт-аралас отбасын құру, екінші буын өкілдерінің өздерін орыс деп есептеуі, өз тілін білмеуі, бір тілділікке толық көшуі әсер етті. Аталған үдеріс орыс тілді тұрғындар арасында, оның ішінде белорустарда алдағы онжылдықтарда көрініс берді. Қазақстан Республикасының жалпы халқы бойынша белорустардың үлес салмағы азайып, ірі орыс этносымен ассимиляцияға түседі.