ЖЕТІСУ ҚОНЫС АУДАРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТАРИХЫ ЖӘНЕ ӨЛКЕДЕГІ ОТАРЛАУ САЯСАТЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2021.v101.i2.18Аннотация
Мақалада Ресей империясының ХХ ғасырдың басындағы Жетісу өлкесінде жүргізген қоныс аудару саясаты мен Жетісу қоныс аудару басқармасының қызметі қарастырылады. Жетісу қоныс аудару мекемесінің тарихы Қазақстан Респуликасының Орталық мемлекеттік архивінің 19қорында жинақталған Басқарманың ісжүргізу құжаттарының негізінде талданған. Қорда іс жүргізу құжаттарын құрайтын хаттамалар, есептер, штат қызметкерлерінің жеке құжаттары, хат алысу құжаттары, тарихи анықтамалар деректанулық тұрғыдан зерттелген. Жетісу қоныс аудару басқармасының ісжүргізу құжаттарын талдау барысында деректану ғылымының объективтілік және тарихилық принциптері негізге алынды.
Ресей империясы Жетісу өлкесінде жергілікті қоныс аудару басқармасы арқылы орыс шаруаларын қоныс аудартып, отарлау сясатын жүзеге асырған болатын. 1905 жылы құрылған Жетісу қоныс аудару уақытша партиясының қызметі және одан кейінгі 19061918 жылдар аралығында болған Жетісу қоныс аудару басқармасының қызметі архив құжаттары негізінде толық сипатталған. Қор құжаттарында сонымен қатар, өлкедегі рухани отарлаудың бір көрінісі болып табылатын, сол кезеңде ашылған орыс мектептері мен шіркеулері туралы да мәліметтер бар. Жетісу облысының әр уезі бойынша қоныс аударушылар туралы нақты мәліметтер, Жетісу қоныс аудару басқармасының штат құрамы, өлкедегі жүзеге асырылған межелеу және гидротехникалық ісшаралар талданған.
Түйін сөздер: Жетісу қоныс аудару басқармасы, архив құжаттары, деректану, қоныс аудару, Жетісу өлкесі.