Қазақстандағы жәдидтік қозғалыстағы қазақ интеллигенциясы қызметінің кейбір аспектілері (19 ғ. аяғы – 20 ғ. басы)
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH.2021.v100.i1.04Аннотация
Бүгінгі таңда, Қазақстан тарихында ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы мәселелерге қызығушылық артып келеді. Осыған орай, жәдидизмнің ағарту қозғалысының кейбір аспектілерін, атап айтқанда, қазақ зиялыларының Патшалық Ресейдің халық ағарту саласын реформалау арқылы рухани отарлауға қарсы күресіндегі қызметін зерделеу осы зерттеудің өзектілігін айқындайды. Жалпы, посткеңестік ауқымда жәдидизм тараптары зерттеліп отырған кезеңдегі білім мен ғылымның жетістіктерін пайдалана отырып, халық ағарту жүйесін реформалауға және ұлттық идеяларды қалыптастыруға күш салды, бұл жағдай қазақ зиялыларының белсенділігін арттырды. Жәдидизм отарлауға қарсы күрестің жаңа әдісі ретінде қазақ далаларында қолдау тапты, мұнда түркі-мұсылман зиялыларының қайырымдылық қаржыландыруы арқылы жаңа әдісті мектептері ашылды. Бұрын-соңды пайдаланылмай келген мұрағаттық материалдарды ғылыми айналымға тарту, оларды сұрыптау мен кеңестік тарихнамада қалыптасқан концепцияларды салыстырмалы талдау зерттеудің әдістемелік негізін қалыптастырды. Отаршылдық езгіге қарсы шыққан қазақ зиялыларының түрлі көзқарастары мен ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелерін зерттеу бағытын сұрыптай келе, бұл мақалада жәдидтік қозғалысының аймақтық ерекшеліктерінің теориялық және әдістемелік аспектілері ұсынылады. Зерттеу жұмысының өзектілігі ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ далаларында жаңа әдісті мектептеріндегі қазақ зиялыларының қалыптасуының толық зерттелмеген мәселелері мен олардың ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы рөлімен айқындалады. Қазақстандағы жәдидтік қозғалысының мәселелері ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы халық ағарту тарихында ерекше маңызға ие және кеңестік идеологияның қысымымен жеткілікті зерттелмеген. Мұрағаттық материалдарды, атап айтқанда, патша әкімшілігінің қазақ зиялыларының ағартушылық қызметі туралы есептерін зерделегенде, жәдидтік реформалар ескі әдісті мектептер мен медреселерді ғана емес, оқу процесінің өзін де қамтыды, сонымен қатар бірігуге және өзінөзі сақтауға бағытталған ұлттық-саяси идеяларды қалыптастыруға байланысты мәселелерді де қамтыды деген қорытынды жасауға болады. Жәдидтік мектептерден басқа қазақ зиялыларының күшімен қазақ қалалары мен шалғай ауылдарда баспаханалар, кітапханалар ашылды, баспа ісі дамып, ана тілі мен әдебиеті саласында жұмыс күшейе түсті. Сонымен, қазақ зиялыларының қызметін кешенді зерттеу және ұлттық мүддеге негізделген жаңа идеяларды насихаттау мәселелері, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласындағы жәдидшілдік қозғалысы тұтастай Ресей империясының отаршылдық саясатына қауіп төндірді деуге болады. Түйін сөздер: Қазақстан, жәдидтік қозғалыс, қазақ зиялылары, аймақтық ерекшелік.