Революцияға дейінгі және кеңестік әдебиеттерде қоман-қыпшақтардың зерттелу тарихы: зерттеулердің ерекшеліктері
Аннотация
Зертттеудің мақсаты қоман-қыпшақтарының саяси, этникалық тарихын, мәдениетін, дінін және тілін қарастырған еңбектерді зерделей отырып, қоман-қыпшақтарының көрші халықтармен этно-тарихи байланысын қарастырған еңбектердің ерекшелігін анықтау. Тақырып көлемінде жарық көрген еңбектерді жүйелеп революцияға дейінгі, кеңестік кезеңдегі зерттеулер деп қарастырамыз.
Революцияға дейінгі кезеңдегі зерттеулер тарихи жазба деректер мен этнографиялық мәліметтер негізінде қоман, қыпшақ, қимақ тайпалары жақын тайпалар деген тұжырым жасалған. Қыпшақтардың тілі, ру-тайпалық құрамын зерттеу негізінде қазақ, өзбек, башқұрт сияқты түркі тілдес халықтардың этникалық тарихына қыпшақ этникалық компонентінің ықпалы болғаны анықталған.
Кеңестік кезеңнің бастапқы жылдарында ғылыми зерттеулерде негізінен маркстік-лениндік методология басшылыққа алынып, зерттеулерде көшпелілерге негативті баға беру басымырақ болған. Бұл кезеңдегі қыпшақтанулық зерттеулердің басты жетістігі жазба деректердің ғылыми айналымға енгізілуі болды. Жазба деректер негізінде қыпшақ бірлестігіне енген ру-тайпалардың құрамы, территориясы, мәдениеті, дүниетанымы, көрші халықтармен қарым-қатынасы тарихы зерттелді.
Мақаланың методологиялық негізінде ғылымдағы тарихнама саласындағы дәстүрлі әдіс-тәсілдер, тарихнамалық талдау, тарихи тұжырымдар мен жаңашыл концепциялар басшылыққа алынды. Сонымен қатар қазіргі кезде тарих ғылымында жиі қолданылып жүрген, барлық мәдениеттердің пайда болу аясы, таралу аумағы, даму сипатына қарамастан оның құндылығын негіздейтін өркениеттілік тұрғысында қарастырамыз. Тарихнамалық зерттеу қыпшақтану саласындағы зерттеулердегі қарастырылмаған тұстарды анықтауға және сол бағытта зерттеу жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді.