ҚАЗАҚСТАН АУМАҒЫНДАҒЫ РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЭКСПЕДИЦИЯЛАРЫ ОТАРЛЫҚ БІЛІМДІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ТЕТІГІ РЕТІНДЕ (XIX ҒАСЫРДЫҢ СОҢЫ – XX ҒАСЫРДЫҢ БАСЫ)
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH120120264Кілттік сөздер:
ғылыми экспедициялар, отарлық білім, Ресей империясы, Қазақстан, тарихи дереккөздер, статистикалық материалдар, әлеуметтік-экономикалық деректер, империялық басқару, тарихнамалық талдау.Аннотация
XIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың басында Қазақстан аумағында жүзеге асырылған Ресей империясының ғылыми экспедицияларының қызметін отарлық білімді қалыптастыру тетігі ретінде қарастыру. Зерттеудің негізгі мақсаты – экспедициялық материалдар негізінде империялық ғылыми практикалардың, деректерді жинау, жүйелеу және интерпретациялау әдістерінің Қазақстан туралы отарлық танымды қалыптастырудағы рөлін айқындау. Осы мақсатта ғылыми және статистикалық экспедициялардың материалдарына тарихнамалық және деректанулық талдау жүргізіледі.
Зерттеу әдістері: Зерттеу барысында тарихи талдау мен деректанулық сын әдістері кешенді түрде қолданылды. Экспедициялық материалдарды зерделеу үшін салыстырмалы-тарихи әдіс, дереккөздердің кезеңге сәйкестігін анықтау, тарихи деректерді талдау және синтездеу әдістері пайдаланылды. Сонымен қатар ретроспективті, құрылымдық-талдамалық және салыстырмалы әдістер қолданылып, ғылыми экспедициялар империялық басқару мен білім өндіру жүйесінің институционалдық құрамдас бөлігі ретінде қарастырылды. Экспедициялық деректердің әлеуметтік-экономикалық мазмұнына, оларды жүйелеу қағидаттарына және қолданылу бағыттарына ерекше назар аударылды.
Нәтижелер: Зерттеу нәтижесінде ғылыми экспедициялар материалдарының Қазақстан туралы әлеуметтік-экономикалық, демографиялық және шаруашылық сипаттағы мәліметтерді жинақтауда шешуші рөл атқарғаны анықталды. Экспедициялық деректердің басым бөлігі сипаттамалық-талдамалық құжаттар қатарына жататыны және олардың империялық ғылыми дискурс аясында жүйеленгені көрсетілді. Сонымен қатар алынған мәліметтердің отарлық әкімшілік тәжірибеде қолданылу мүмкіндіктері мен шектеулері айқындалды.
Қорытындылар: Зерттеу барысында Ресей империясының ғылыми экспедициялары Қазақстан туралы отарлық білімді қалыптастырудың маңызды механизмі болғаны анықталды. Экспедициялық материалдар бір жағынан ғылыми сипатта жинақталған деректерді қамтыса, екінші жағынан империялық басқару қажеттіліктеріне сәйкес жүйеленген. Автор зерттелген дереккөздерді мазмұнына қарай әлеуметтік-экономикалық сипаттағы және әкімшілік-статистикалық бағыттағы материалдар ретінде топтастыруға болады деген қорытындыға келеді.








