ҚАЙРАТКЕР ТЕЛ ЖАМАНМҰРЫНОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҚЫЗМЕТІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH20251197Кілттік сөздер:
Тұлға, қайраткер, Батыс майдан, комиссариат, қуғын-сүргін, тоталитарлық жүйе, ұлттық мүдде, ұлт жанашыры.Аннотация
Зерттеу мақаласы қоғам және мемлекет қайраткері Тел Бұқпанұлы Жаманмұрыновтың өскен ортасы мен қоғамдық-саяси қызметін саралауға және Қазақ халқының алдында сіңірген еңбегін ашып көрсетуге арналған. Зерттеудің негізгі тақырыбы – қайраткердің ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы елімізде орын алған қоғамдық-саяси өзгерістер барысында ұлт мүддесі жолындағы күресі. Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Мақалада Т.Жаманмұрыновтың Алаш арыстарымен бірге батыс майданына баруы, майданның қара жұмысына алынған қазақ жастарына рухани-моральдық тұрғыдан көрсеткен көмегі, Ақпан буржуазиялық демократиялық революциясынан кейінгі еліміздегі қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, Алаш партиясын құрудағы рөлі, Алаш автономиясындағы қызметі қарастыралады. Еңбекте оның Кеңестік билік кезеңіндегі егін шаруашылығы наркоматында әртүрлі лауазымдарды атқара жүріп, жер үшін болған күрес барысында ең алдымен қазақ халқының мүддесін көздеп өзінің айқын позициясын көрсеткені баяндалады. Материалдар мен әдістеме. Зерттеуде мұрағаттық деректер мен ғылыми еңбектер пайдаланылып, тарихи-зерделеу мен салыстырмалы әдістер, контент-талдау және құжаттарды талдау қолданылады. Бұл Т.Жаманмұрыновтың қоғамдық-саяси қызметі барысындағы ұлт мүддесі үшін күресін жан-жақты қарастыруға мүмкіндік берді. Нәтижелері. Қайраткер Т.Жаманмұрынов өзінің қоғамдық-саяси қызметі барысында ұлт мүддесі үшін күресіп, тұлғатану саласында кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық, тағылымдық-танымдық мұра қалдырды. Қорытынды. Қайраткердің Голощекиндік ұжымдастыру салдарынан болған ашыққан халықты жерге орналастыру, оларға көмек көрсету, Қазақстанда түйе шаруашылығын қайта дамыту үшін Моңғолияға бару сапары, оның 1937-1938 жылдары саяси қуғын-сүргін етек алғанда оған алғашқы болып ілінуі, жазықсыз жала жабылып, ату жазасына кесілуі кеңестік билік кезеңіндегі республикада орын алған қоғамдық-саяси жағдайды терең талдауға септігін тигізеді. Қайраткер тұлға өз халқының көштен қалмай ілгері дамуында басты мұрат азаттық екенін айқын түсінді және сол жолда құрбандыққа ұшырады.
