XX Ғ. БАСЫНА ТӘН МӘДЕНИ АНТРОПОЛОГИЯЛЫҚ ЕСКЕРТКІШ ХАҚЫНДА
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH202511915Кілттік сөздер:
дәстүр, диірмен, тас, астық, өзен, арық, бөгеу.Аннотация
Мақалада 2024 жылы Алматы облысы Кеген ауданында атқарылған этноархеологиялық зерттеулер бойынша судиірменге қатысты алынған материалдар легі мен олардың нәтижесі берілген. Бұл обьект алғаш рет зерттеу назарына ілініп отыр. Зерттеу Қазақстан Республикасы Орталық музейінің археология бөлімінің Жобасы аясында іске асты. Аталмыш судиірменді салу ісі ІІ-дүниежүзілік соғыс жылдары, атап айтқанда 1940 жылдан бастап қолға алынған. Ол диірмен 2005 жылға дейін Көмірші өзенінің су күшін пайдалану арқылы жұмыс істеп келгендігі жергілікті информаторлардан анықталды. 1991-1992 жылдары судиірмен құрылысы жөнделіп, қайта жаңғыртылған-тын. Судиірменді қозғалысқа келтіру үшін сайдың жоғары жағынан 1 шақырым жерден тау бөктерін жағалата арнайы арық[1] қазылып келтірілген. Диірмен құрылысы тегіс келген ой жерде тұр. Су күшімен үнемі істеп тұрған құрылғыны тоқтату үшін судиірменге ағатын суды басқа арнаға бұру тұру қажеттілігі туындайтыны белгілі. Осы себепті тау жағалай қазылған арықтың судиірменге қарай бұрылған тұсынан 50 м-дей жоғары жерден тағы бір қосымша арық қазылған. Қосымша арық аузына бөгеу[2] қойылып, ол арнайы жалпақ тақтаймен бекітілген. Тақтайды ауыстырып салып отыратын арнайы қуыстары болған.
Мақалада бұған дейінгі судиірмен жайлы зерттеулер мен фотолар егжей-тегжейлі қарастырылып, зерттеу жұмысына дәйек ретінде тірек болды. Диірменшінің екі бөлмелі арнайы тұрғын үйі де салынған. Су диірмен де, үй де қазір иесіз қалып, қаңырап бос тұр. Өйткені астықтан ұн өндіретін арнайы фабрикалар елімізде көптеп салынды және оларды тоқ арқылы іске қосады, яғни, су күшін пайдаланбайтын болған. Оның сыртында ұнтақтап-ұсақтайтын тұрмыстық техника әр үйде бар деп есептейміз.
Сонымен қатар, зерттеу объектісі болып отырған өлкенің географиялық кейбір ерекшеліктері, қазақтар наным-сенімінің көріністері мен халықтық тәжірибелерінің нәтижесі мақалада көрініс тапқан. Мақала қазақ тарихы, этнографиясы мен мәдениетін зерттеушілерге пайдалы.








