ТАУАРИХ-И ГУЗИДА-ЙИ НУСРАТ-НАМЕ ЕҢБЕГІНДЕ ТОҚАЙ -ТЕМІР ӘУЛЕТІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JH20251192Кілттік сөздер:
Алтын Орда, Туқа-Темір әулеті, Тоқтамыс, Таварих-и гузида-йи Нусрат-намеАннотация
Туқа-Темір әулетінің тарихы Алтын Орда кезеңінде айрықша саяси рөл атқарғанына қарамастан, зерттеулерде жеткілікті деңгейде қарастырылмаған. Бұл әулеттің тарихын қалпына келтіруде XVI ғасырдағы «Таварих-и гузида-йи Нусрат-наме» дерегі (№ 3222 қолжазба, Британ музейі, Лондон) маңызды орын алады.
Мақсат пен міндеттер. Зерттеудің мақсаты – «Нусрат-наме» деректеріндегі Туқа-Темір әулетінің бейнесін талдау және Тоқтамыстың династиялық легитимдік тұрғысындағы орнын анықтау. Міндеттерге әулеттің шығу тегі мен иеліктерін зерделеу, деректерді салыстыру және әулеттің Алтын Орда саяси өміріндегі рөлін нақтылау кіреді. Ғылыми және практикалық маңызы. Жұмыс Алтын Орда тарихнамасында бүйірлік Жошы тармақтарының маңызын қайта қарауға мүмкіндік береді. Практикалық тұрғыдан «Нусрат-наме» аудармасын тікелей дерек ретінде пайдалану болашақ салыстырмалы және пәнаралық зерттеулерге негіз қалайды. Әдіснама. Негізгі дерек – «Таварих-и гузида-йи Нусрат-наме» аудармасы. Қосымша деректер ретінде шығыс жылнамалары («Жами ат-таварих», «Шыңғыс-наме», «Умдат ал-ахбар», «Муизз ал-ансаб»), нумизматикалық материалдар және популяциялық генетика деректері пайдаланылды. Әдіснамалық негізі – салыстырмалы деректану және пәнаралық талдау.
Нәтижелер мен қорытындылар. Туқа-Темір әулеті Қырымды, Еділ бойын және Маңғыстауды бақылауда ұстап, XIV ғасырда Алтын Ордадағы жетекші әулеттік тармақтардың біріне айналды. Хроника олардың легитимдігін найман және қоңырат әулеттерімен некелік байланыстар арқылы көрсетеді, ал Тоқтамыс заңды мұрагер әрі билікті біріктіруші ретінде бейнеленеді. Зерттеудің құндылығы. Жұмыс Туқа-Темір әулетін Жошы ұрпақтарының шеткі тармағы емес, Алтын Орданың орталық саяси күші ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Зерттеудің үлесі – әулеттің династиялық легитимдігін нақтылау және Тоқтамыстың тарихи рөлін айқындау.








